«Ұлы Дала» көрмесі Македонияда ашылады

Еліміздің Ұлттық музейі Солтүстік Македония Республикасының Ұлттық археологиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашады. Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесі аясында 2019 жылдың 11 шілде-11 тамыз аралығында өтеді.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады деп жоспарланып отыр.    

Солтүстік Македонияның Ұлттық археологиялық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған  конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын  және  осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен бірге жерленген ерте темір ғасырының археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін ҚР Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті. Көрме 2019 жылдың соңына дейін жер шарының тағы да 5 еліне баратын болады.   

Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Көрмеде, сондай-ақ Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 292 зат ұсынылады. Көрмеге ұсынылатын Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.