Елордалық хордың «Мәңгілік мұра» атты концерті

Елордалық хордың «Мәңгілік мұра» атты концерті

Сарырқаның төрінде ұлы даланың әсем әні мен тәтті күйі төгілді. Елордада мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры «Мәңгілік мұра» атты жаңа бағдарламасын ұсынды. Әуезді кеште Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Естай, Абай, Майра сынды күміс көмейлердің әндері шырқалды. Сахна төрінен Құрманғазы күйлері орындалды. Қазыналы қазақ өнерінің алтын қорына енген туындылар аты аңызға айналған Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Дмитрий Мацуциннің өңдеуінен өткенін айта кету керек. Бұл – камералық хордың кезекті маусымын қорытындылаған есептік концерті. Биыл өнер ұжымы төл халқымыздың әндері мен отандық авторлардың сазды сарындарына арналған 5 бірдей жаңа бағдарлама қойған.

ГҮЛМИРА ҚҰТТЫБАДАМОВА, ХОРДЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІ, ДИРИЖЕРІ:

-  Жаңа маусым премьераларға толы болады. Көптеген жаңа бағдарламалардың тұсауын кесеміз. Өйткені келер маусым Абай жылымен тұспа-тұс келеді. Біз бұл айтулы шараға дайындықты бүгіннен бастап кеттік. Сондай-ақ алдағы кезең «Чайковский жылы» деп бекітілген болатын. Сондықтан 2020 жылдың маусым айында да биылғыдай отандық хор музыкасының қызықты кештерін күтіңіздер.  

Камералық хордың биылғы маусымы халықаралық деңгейде де аса табысты өтті. Жақында отандық өнер ұжымы Қытайда әлемнің жүзден астам хорының басын қосқан байқауда топ жарып бас жүлде – Гран-при иеленіп қайтты. Енді әншілер тобы  қайта аспан асты еліне сапар шегіп, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мемлекеттері хорларының сынына қатысуға қамданып жатыр.  

Фото: astanaday.kz