Бельгияда «Салтанат» ансамблінің гастрольдері өтті

Бельгияда «Салтанат» ансамблінің гастрольдері өтті

Қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері Еуропа жұртшылығын тәнті етті. Бельгияда қазақстандық «Салтанат» би ансамблінің гастрольдері өтті. Шығармашылық ұжым елдің оңтүстігіндегі Сен-Гилен коммунасында өткен XXXVI Дүниежүзілік фольклор фестиваліне қатысты. Сондай-ақ артистер ел астанасы Брюссельде және басқа қалаларда да бірнеше жеке концерт берді. Ал фестивальдің ашылу салтанатында көркемдік топ ежелгі дәстүр мен заманауи мәнерді керемет үйлестіре білген хореография көрсетіп, ұлттық аспаптарды шебер меңгерген музыканттар көшпенділер әлемін әуенмен бейнелей білді.

ДЕНИС ВИТЧЕНКО, «САЛТАНАТ» МЕМЛЕКЕТТІК БИ АНСАМБЛІНІҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

-  Қазақ мәдениеті бұл фестивальде қайталанбастығымен, өзіндік ерекшелігімен өзгешеленеді. Өйткені костюмдеріміз де ерекше, әуеніміз де айрықша. Біздің мәдениет ешкімдікіне ұқсамайды. Кейбіреулердікі ұқсас болса, бізбен ұқсастық табу қиын.

Ансамбль әлемнің барлық халықтарының билерін орындайды, ал Еуропа жұртшылығына артистер дәстүрлі түрде тек қазақ халқының ұлттық билерін ұсынады. Ұжымның репертуарында отандық композиторлардың фольклорлық шығармалары мен музыкасына, оның ішінде «Адай», «Балбырауын», «Бозінген» күйлеріне негізделген билер бар. Брюссель көрермендеріне «Алдар көсе» мен «Қайран, жиырма бес!» билері ерекше әсер етті.  

ОНДРЕ ДЕ ШКУТЕР, ФЕСТИВАЛЬ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Бізге сіздердің байырғы ұлттық мәдениеттеріңізді ерекше бағалайтындықтарыңыз және оны ұрпақтан-ұрпаққа сақтап келетіндеріңіз әсер қалдырды. Еуропада ұлттық дәстүрлер ұмыт болып барады. Біз сіздерден үлгі алуымыз керек. Артистеріңіздің кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде.

КАТИЯ ВАН ДЕН БРУКЕ, БЕРКЕМ-СЕНТ-АГАТ КОММУНА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Мен өмірімде алғаш рет қазақ музыкасын тыңдадым. Тіпті сөздерін түсінбесем де, әдемі әуен, ырғақты музыка жан дүниемді баурап алды.  Би арқылы қазақ халқының қонақжайлылығы мен жан дүниесінің кеңдігі сезілді.

Шетелдік көрермендер қазақстандық артистердің орындаушылық шеберлігіне тәнті болды. «Салтанат» ансамблі Бельгияда бас-аяғы 10 концерт берді. Одан әрі гастрольдер Францияда, Болгарияда және Польшада жалғасады.

Фото: mfa.gov.kz