«Астана Опера» Өзбекстанда өнер көрсетеді

Қазақтың Абайын шекара талғамайтын өнер арқылы таныту. Осы мақсатта «Астана Опера» театрының ұжымы кезекті шетелдік гастрольге қамданып жатыр. Ұлы ақынның өнегелі өмірі мен тағылымды шығармашылығы арқау болған аттас сахналық қойылымды Өзбекстан елінің өнер сүйер қауымының назарына ұсыну жоспарланып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында таңдаудың ұлттық жауһар «Абай» операсына түсуі  бекер емес.  Бірегей төл туынды қазақ мәдениетінің 4 бірдей кемеңгер тұлғасының есімімен байланысты. Олар: әрине классикалық шығарманың бас кейіпкері Абайдың өзі, либретто авторлары – Мұхтар Әуезов және ұлы сазгерлеріміз Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди. 

ЕРЕНБАҚ ТОЙКЕНОВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ:

 - Үздік ұлттық опералардың бірі - «Абай». Сондықтан Абайды біз көрсетуіміз керек, барша әлемге танытуымыз керек. Жалпы біздің ұлттық операларымызды өзге елдің азаматтары, шетелдік азаматтар қызығушылықпен тамашалайды. Менің ойымша, осы операның болашағы зор. Қай елде көрсетсек те халық өз бағасын беріп, жақсы қабылдайды деген сенімдемін. 

Ташкент қаласына труппа толық құраммен барады. Сахна сыртындағы техникалық қызметкерлерді қоса алғанда 200-ден астам адам. Бұған қоса, көрші елге әсерлі әрі ауқымды қойылымның 30 тонналық декорациясы бірге жүреді. Бұл орайда айта кетерлігі, ұлттық опера Италияның Генуя қаласында сахналанып үлгерді. Сапар бағдарламасының аясында өзбек жұртшылығы  қазақстандық өнерпаздардың орындауында «Мадам Баттерфляй» операсын тамашалайтын болады. Қойылымдар шілде айының 10-13 күндеріне жоспарланған.  

Фото: astanaopera.kz