Елордада «Көшпенділер әлемі» атты IV этнофестиваль басталады

28 маусымда елордада «Көшпенділер әлемі» атты IV этнофестиваль басталады. Бірнеше күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарды фестиваль ұлттық дәстүрден бастап, ұлттық ойындардың құндылықтарына дейін қанықтырады. 

ТИМУР ДУЙСЕНҒАЛИЕВ, ҰЛТТЫҚ ТУРИЗМ КОМПАНИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Фестивальдің басты мақсаты – елордамызға көшпенділер мәдениеті мен салт-дәстүріне қызыққан туристерді көптеп тарту. 10 мемлекеттен келетін түбі бір түркі халықтарына есігімізді ашып, төрімізден орын беруге дайынбыз. Әр елден келген қонақтар ұлттық ерекшеліктерін паш етеді. Осылайша біз шетелден және Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылатын демалушылардың санын көбейтуді көздеп отырмыз.

Ауқымды шараға Азербайжан, Түркия, Иран, Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді 10 мемлекеттің командалары келіп қатысады. Осы фестиваль аясында теңге алу,жамбы ату, аударыспақ секілді ат спортының сайыпқырандары жарысып, көкпар ойыны шараның көркін келтіреді.

ТИМУР ДУЙСЕНҒАЛИЕВ, ҰЛТТЫҚ ТУРИЗМ КОМПАНИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мақсатымыз – көне мәдениетімізді, оның ішінде ежелгі түрік халықтарының жауынгерлік өнерін көшпенділер ұрпақтарына, яғни қазақстандық жастарға кеңінен насихаттау. Мұнда қазақтың ұлттық киімін, ер-тоқым, найза, семсер, қалқан, көбе, сандық пен домбыраны көргенде, шетелдіктер «қазақ халқы салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа дәріптейді екен» деген ойда қалуы тиіс. Рухани нәр сыйлар мереке болады деп сенемін.

Сондай-ақ этнофестиваль аясында киіз басудан, тері өңдеуден, саздан ыдыс жасау, күміс бұйымдардың зергерлігі бойынша арнайы дәрістер өткізіледі. Сахналық көріністе бабалардың бейнесі сомдалып,сақтардың, ғұндардың өмірі көз алдыңызға келеді. Киіз үйлерде қымыз сапырып, шұбат құйған, ақ дастарқан басында әңгіме сауық құрған кештер өтеді.