Ақын Мәди Бәпиұлы пайдаланған ер-тоқым мұражайға тапсырылды

Ақын Мәди Бәпиұлы пайдаланған ер-тоқым мұражайға тапсырылды

Тарихи, археологиялық және этнотуризмді дамытудағы Қазақстанның әлеуеті мол. Ел аймақтары саяхатшыларды тартуда осы бағыттарға басымдық бермек. Ұлы даланың ұлы тұлғалары мекен еткен өңірлер бұл ретте жергілікті музейлердің жұмыс қарқынын арттырмақ. Аталған мұражайлар қонақтардың қызығушылығын тудыратын көне жәдігерлерге толы. Солардың бірі – қазақтың  ақиық ақыны Мәди Бәпиұлы пайдаланған қазмойын ер-тоқым. Салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықты Қарағанды облысының Шет ауданында тұратын Тілеуғабыл Есенбеков бірнеше жылдан бері көзінің қарашығындай сақтап келеді. Енді ол ер-тоқымды музейге тапсыруға ниетті.

ТІЛЕУҒАБЫЛ ЕСЕНБЕКОВ, ҚҰСБЕГІ:

 - Сол Айғожа айтыпты «сен анау жиенің ит жүгіртіп, құс ұстап жүр, ерді соған берші ырым болсын» деп. Содан не керек маған тиді. Туысқандары, өзге де адамдар менен талай рет сұратқан. Ал үлкен Орталық музейге берудің жөні басқа. Осы уақытқа дейін ер-тоқымды өзім пайдаланып келдім.

Халқымыздың мәдени мұрасын зерттеу мақсатында солтүстікқазақстандық жас этнографтар экспедицияға аттанды. Бұған дейін осындай сапарлардың нәтижесінде қазақ аспаздығының 200-ге жуық тағамының рецептісі қалпына келтірілген еді. Бұл жолы да жастар қазақы ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын зерттейді. Қолөнер шеберлерімен, көпті көрген көнекөз қариялармен кездесіп, ақпарат жинайды.

ӘЙГЕРІМ МҰСАҒАЖИНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Бір қызығы, бұл өңірде етті ыстау технологиясы сақталыпты. Етті ыстағанда ол барлық пайдалы қасиеттерін сақтап қалады екен. Біз бұл әдісті Уәлиханов ауданында көріп, таныстық. Бұдан басқа, жергілікті тұрғындар өкпе сүт, жау жүрек, жау бүйрек, мыжыма тағамдарын дайындайды екен. Біздің мақсатымыз – осы ұмыт болып бара жатқан мұраны сақтап қалу, оны өскелең ұрпаққа үйрету.

Зерттеу сапары еліміздің Ұлттық музейінің бастамасымен ұйымдастырылған.

Фото: baribar.kz