«Астана Опера» театрында «Жизель» балетінің премьерасы өтті

«Астана Опера» театрында «Жизель» балетінің премьерасы өтті

Екі көріністі «фантастикалық» балет «Астана Опера» сахнасында. Елордада әлемдегі ең танымал спектакльдердің бірі – «Жизель» қойылымының премьерасы өтті. Өз сүйіктісіне адал болған жас қыз туралы әсерлі әңгіме 1841 жылы Париждегі тұсаукесерінен кейін үлкен жетістікке жетіп, әлемдік өнер сүйер қауымға танылған болатын. Қойылым сол сәттен бастап бүгінгі күнге дейін бүкіл әлем сахналарынан түскен емес. «Жизель» Қазақстан сахнасында алғаш рет қойылып отырған жоқ. 2015 жылы гастрольдер аясында итальяндық Сан-Карло театры бұл балетті «Астана Операға» алып келген болатын. Енді отандық әртістердің орындауындағы бұл қойылым қазақстандық көрермендерді елордалық театр сахнасында қуантатын болады.

БАХТИЯР АДАМЖАН, АЛЬБЕРТ ПАРТИЯСЫН ОРЫНДАУШЫ:

 - Жизель Альбертке ұнап қалады. Ол өзі қалай жасағанын білмейді, бірақ үлкен қателік жасайды. Екінші бөлімде біз мүлдем басқа Альбертті көреміз. Партия драматургияға толы және ролді сомдаушы  әрбір әртіс Альбертті өзінше түсінеді, өзінше оқиды. Альберт ролі оның мінезін ашуға көптеген мүмкіндіктер береді. Ол бір кітап сияқты, әр бетін оқыған сайын жаңа қырларын ашасыз. Сондықтан мен үшін Альберт әлі де жұмбақ кейіпкер.

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова қойылымды дайындауға тікелей атсалысқан. Өз уақытында белгілі балерина «Жизель» партиясын орындаған.

ӘЙГЕРІМ БЕКЕТАЕВА, «ЖИЗЕЛИ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ОРЫНДАУШЫ:

 - Мен бұл партияны Алтынай Әбдуахимқызымен бірге дайындадым және бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Себебі ол осының барлығын басынан өткізген, ал ол мен үшін құнды мағлұмат. Өте үлкен жұмыс атқарылды, көп нәрсе айтылды. Бұл ролді ойнауға болмайды, бұл ролмен сахнада өмір сүру керек.

Әлемдік классикалық балеттің жауһары «Жизель» «Астана Опера» театрының репертуарын толықтыра түсті.

Фото: 24.kz