ШҚО-да ежелгі сақтардың қонысы табылды

ШҚО-да ежелгі сақтардың қонысы табылды

Шығыс Қазақстан облысынан ежелгі сақтардың қонысы табылды. «Бұны Ақбауыр тауының баурайында жүргізілген  археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр», - дейді осы жұмыстың басы-қасында жүрген белгілі ғалым Зейнолла Самашев.

Құнды жәдігерлер арасында  керамикалық ыдыстардың сынығы, тас үккіштер,  егеу мен қайрақтар, егін егуге қажетті бұйымдар, үй жануарларының сүйегі сынды заттар кездескен. Үй-жай орны мен мен қару-жарақ бөлшектері де табылыпты.

«Осының барлығы сол кездегі тұрғындардың отырықшылдығын  білдіреді», - дейді зерттеушілер.

Қоныс орналасқан аумақ үлкен, сондықтан зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылуы ықтимал. Жақында Қазақстан және Ресей зерттеушілер қатарына Түркия мен Әзербайжан елінен әріптестер қосылады. Мамандардың сөзінше, енді табылған  дүниелер зертханаларға жеткізіледі. Ал қоныс анықталған жер әзірге мұқият жабылып, зерттеу уақытша тоқтатылды.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, АРХЕОЛОГ:

- Бұны, әрине, сенсация деуге болады. Жердің бірінші қабатта біз көптеген артефактілерге тап болдық. Керамикалық ыдыстардың мыңдаған бөлігі табылды. Олар осы жерді мекендеген халықтарға ғана тән. Бұл қола дәуірінің соңы, ерте темір дәуірінің басталуы деп айтуға болады. Біздің археологиялық зерттеулеріміздің жетіспеген кезеңі де осы еді.