Қожа ағылшынша сөйледі

Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожасы» ағылшын тілінде сөйледі. Шетелдік аудиторияны казақ киноөнерінің жауһарымен таныстыру үшін режиссердің келіні Майра Қарсақбаева басшылық жасайтын дистрибуциялық компания еңбек етті. Ұлыбритания астанасы Лондонда өтетін Ромфорд фестиваліне шақыру түскен соң Қожаны ағылшынша сөйлету идеясы туыпты. Дубляждауға Алматы қаласындағы шетелдік мектептердің оқушылары мен ұстаздары тартылған. Бәрінің де драма үйірмелерге қатысып, жинаған тәжірибелері бар.

МАЙРА ҚАРСАҚБАЕВА, ДИСТРИБЬЮТОР:

- 17 адам бізге дубляжға келіп көмектесті. Мұғалімді мұғалім ойнады, баланы бала ойнады, апаны апа. Америкалық емес, көбі 70-80 проценті британдықтар. Британский акцент, британдықтар.

Өткен ғасырдағы қазақ ауылының өмірі арқау болған фильмді көру британиялық көрермен үшін қызық болды. Олар Кеңес одағы кезіндегі қоғамдық тәртіпті, пионерлер өмірін, ата-ана мейірімін фильм кейіпкерлері арқылы сезіне алды. Көрсетілім аяқталған соң көрермендер дубляж авторларымен пікірлесу мүмкіндігіне ие болды.

ДЖУЛИ ТАЙЛОР, КӨРЕРМЕН:

- Фильм мен дүниеге келгеннен кейін түсірілгендіктен мен үшін ерекше қызық болды. Мен 1962 жылы туылдым. Сол уақытты көру, басқа мемлекеттің өмірін көру ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар бізде де соған ұқсас Джаст Уиллиам есімді тентек кейіпкер бар.

ДЭЙЛ КРЕЙГЛАСУЭЙ, ПРОДЮСЕР (КАНАДА):

- Балаларға арналып түсірілген фильмдер әдетте жеңіл болып келеді. Бірақ бұл туындының мағынасы өте күрделі әрі терең. Сондықтан да ұзақ уақыт бойы қазақстандықтардың сүйікті фильмі деп түсінемін.

Бұдан кейін «Менің атым Қожа» ағылшын тілді мемлекеттерде өткізілетін ретрофестивальдерге жол тартпақ. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы кинотеатрларда көрсету жоспарланып отыр.