Елордада «Астана кештері» халықаралық фестивалі өтуде

Елордада «Астана  кештері» халықаралық фестивалі өтуде

Қазақстаннның бас шаһарында жылдың ең маңызды мәдени шараларының бірі «Астана  кештері» халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Жаһандық деңгейде танымал орындаушылар өнерсүйер қауымға бес бірдей музыкалық кеш сыйламақ. Классика, фольклор, джаз, эстрада. Жыл сайынғы дәстүрлі өнер байқауы өзінің көп жанрлығымен ерекшеленеді.

ЛАУРА АХМЕТОВА, «ДЕГДАР» ГУМАНИТАРЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Фестивалдің үздіксіз ұйымдастырылып жүргеніне көп болды. Осы ұзақ уақыт ішінде біздің дәстүрлі концерттерімізді 30 мыңға тарта адам тыңдап, кештердің қонағы болды. Эфир шығарылымдарын миллиондаған көрермен тамашалады, өйткені біздің концерттер 116 елге таратылады. Біздің фестиваль несімен ерекше? Біз баршаға ортақ шегі жоқ өнердің көпшілікке қолжетімді болғанын қалаймыз.

Кезекті фестивалдің шымылдығын Қазақстанның үздік опера дауыстарының бірі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Шотабаев ашты. Ол өз өнерін италиялық ұстазына арнады. Әуенді де әуезді кеште өзге де әлемге танымал әртістер сахна көркін аша түсті.

МЕДЕТ ШОТАБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

- Бүгінгі концерт ұстазым Марио Меланиге арналған. Мені өнер жолында үкілеп, үлкен сахнаға жол ашқан алғашқы ұстаздарыма тағзым етемін. Опера қойылымдарынан үзінділер әзірледік.

ТИМУР ОРМАНШИЕВ, «АСТАНА КЕШТЕРІ» ФЕСТИВАЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ШЕТЕКШІСІ:

- Әдеттегідей мегажұлдыздардың басын қостық. Үлкен театрдың шоқ жұлдызы Анна Аглатова және Мариин театрының жетекші солисті Наталья Павлова, Өзбекстанның халық әртісі Рамиз Усманов - арнайы шақыртылған құрметті қонақтарымыз.

Фестиваль «4 рояль және альт» аспапшылар концертімен 7-маусым күні мәресіне жетеді. Қорытынды бағдарлама көпшілікке жақсы таныс классика жауһарлары мен тосын сыйға толы болмақ.

Фото: goodrepublic.ru