Елордада Comic Con фестивалі өтті

Нұр-сұлтан қаласында Comic Con халықаралық фестивалі өтті. ЭКСПО конгресс орталығында танымал комикстер, кинофильмдер, компьютерлік ойындар мен жалпы комикстер индустриясында еңбек етуші суретші-иллюстраторлар, сценаристер, авторлар, косплеймен әуестенушілер бас қосты. Олардың барлығы фестиваль аясында өз жұмыстарын таныстыра алады.

АСҚАР АДАМБЕКОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ, ASTANA CONVENTION BUREAU ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Балаларымыз өздеріне таныс кейіпкерлерімен кездесіп, бұл жерде сондай әсер алуы үшін бұл шара ұйымдастырлып отыр. Негізі, Қазақстанда бірінші рет өтіп жатқан шара. Бұл шараны үлкен әлемдік деңгейдегі компаниялар қолдап отыр. Сонымен қатар, бұл шара тек балаларымыз үшін ғана емес, үлкен ересек адамдарға да арналған.

Comic Con фестивалінің форматы алғаш рет 1970 жылы АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өткізілген. Содан бері бұл шараның ауқымы кеңейіп, комикс әлемінің авторлары үшін аудиториямен дәстүрлі кездесу орнына айналған. Биылғы шараға өз комикстерін таныстырудан отандық дизейнерлер де шет қалмады. Суретші-иллюстратор әрі автор Мадибек Мұсабеков бір жылға жуық дайындалыпты. 

МАДИБЕК МҰСАБЕКОВ, КОМИКС АВТОРЫ:

- Біздің комикс Алтын адам туралы болып табылады. Біз Алтын адам туралы не білеміз? Ол Сақ тайпасы өмір сүрген кезде жауынгер ме, хан болды ма?! Осы сақтардың ішінде Томирис ханшайым мен Алтын адамды екеуін біріктіріп, осындай комикс жасаймыз деп шештік. Бұл идея бір жыл бұрын пайда болды. Осының сценарийін жазып, суретін салуға бір жыл уақыт кетті. Осы Comic Con-ға арнайы шықсын деп асығыс дайындадық.

Үш күнге созылған шараның арнайы қонағы – актер, «Тақтар ойыны» хикаясының жұлдызы Йохан Филип «Пилу» Асбек болды. Ол фестиваль аясында көрермендермен кездесіп, қолтаңба сессиясын өткізді.

Фото: informburo.kz