Нұр-Сұлтанда Eurasian Dance Festival басталды

Қазақстан елордасында «Eurasian Dance Festival» халықаралық балет өнері фестивалі басталды.

Әлемнің үздік балет труппалары «Астана Балет» театрының сахнасында классикалық шедеврлерді, халық билері мен заманауи хореографтардың танымал премьераларын ұсынады.

Екі апта бойы қала тұрғындары мен қонақтары Берлин, Прага, Токио, Санкт-Петербург, Киев және жергілікті би ұжымдарының ең үздік қойылымдарын тамашалай алады.

ЖӘНІБЕК КАИР, EURASIAN DANCE FESTIVAL АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Биыл елордадағы шараға алғаш рет Украинаның Ұлттық ансамблі келді. Бұл бұрынғы Кеңес Одағынан бері бар ең көне ұжым саналады. Олар тіпті елордаға ғана емес, Қазақстан аумағына алғаш аяқ басып отыр. Одан басқа, Владимир Малахов жетекшілік ететін Жапонияның халықаралық балет компаниясы да өнер көрсетеді. Мариинский театрының премьералары тағы бар. Олар балет жұлдыздарының қатысуымен «Dance, dance, dance» жобасын ұсынады. Төртінші ұжым - Чехияның ұлттық балеті. Олар «Славян темпераменті» деген тақырыппен өз репертуарын таныстырады. 

Дәстүрде айналған фестиваль балет әлемінің жарқын оқиғаларының бірі саналады. Сарапшылардың айтуынша, осындай айрықша шаралардың арқасында Қазақстан астанасы Шығыс пен Батыс мәдениеттері тоғысатын алаңға айналды.

УЛЬКЯР АЛИЕВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР СЫНШЫСЫ:

- Нұрс-Сұлтан қаласы Орталық Азиядағы балет өнерінің орталығына айналып келеді. Балет посткеңестік кеңістікте аса жоғары бағаланатынын бәріміз білеміз. Осы ретте «Астана Балет» қазақтың балет өнерін насихаттау жолында еңбек етіп жүр. Бұл театрдың солистері тұрақты негізде халықаралық гала-концерттерге қатысып жүр. Тіпті шетелде де табысты өнер көрсетіп жүр.

«Eurasian Dance Festival» маусымның 16-сына дейін жалғасады. Шара «Астана Балет» театрының сахнасында әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.

Фото: sputniknews.kz