Нұр-Сұлтанда «Жас Қанат - 2019» республикалық байқауы өтеді

Нұр-Сұлтанда «Жас Қанат - 2019» республикалық байқауы өтеді

Талай дарынды үлкен сахнаға қанат қақтырған әншілер додасы. Елордада кезекті «Жас қанат 2019» байқауы басталды. Осымен 28-ші мәрте шымылдығы түрілген өнер бәйгесінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 орындаушы бас жүлдені сарапқа салады.

Үміткерлер дәстүрге сай алдымен қандай кезекте өнер көрсететіндерін анықтады. Ол үшін қатысушылардың реттік нөмірі белгіленген саптыаяқтарды таңдау ұсынылды. Биылғы жеңімпаздар 31 мамыр мен 2 маусым аралығында анықталады. Жалпы байқау әдеттегідей олимпиадалық жүйе бойынша өтеді.

Айта кету керек, бұл жолы аталымдар қатарына «Мистер Жас Қанат - 2019» номинациясы кірістірілген.

МҰРАТ ИРҒАЛИЕВ, «ЖАС ҚАНАТ БАЙҚАУЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:

- Биылғы құрамның деңгейі өте жоғары. Әрине әр байқаудан қашанда үмітіміз зор. Алайда осы жылғы қатысушылардың орындаушылық шеберлігі біздің күткенімізден әлдеқайда биік болып шықты. Біз үшін әр қатысушының саналы түрде  таңдаған репертуарына сай мән-маңызын вокалмен жеткізе білуі аса маңызды.

БАУБЕК АЙДАРБЕКОВ, БАЙҚАУ ҚАТЫСУШЫСЫ, /ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ/:

- Әрине сөз бастау қиын. Дегенмен «Жас Қанат - 2019» байқауының жеребесі өтті. Мен өзіме 1-нөмір түскенін қаладым. Менің ойымдағы сан келді. Міне 1 саны. Өте қатты қуаныштымын. Жамбыл облысынан талай өнерпаздар шыққан. Сол аға-әпкелерімнің жолын қуып, мен де солардың артынан мақтанышпен барып бас жүлдені аламын деген ойдамын.

Қазақстанның бас шаһарында 19-шы мәрте ұйымдастырылып келетін байқаудың қалыптасқан дәстүрі бар. Ол елорданың көшелері мен саябақтарына көшет отырғызу. Биылғы үміткерлер де осы рәсімнен шет қалмай Нұр-Сұлтан қаласын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.

Фото: egemen.kz