Нұр-Сұлтанда Қытай мәдениеті мен туризмінің апталығы өтті

Нұр-Сұлтанда Қытай мәдениеті мен туризмінің апталығы өтті

Қазақстанның астанасында Қытай мәдениеті мен туризмінің апталығы өтті. Оның аясында қала тұрғындары мен қонақтары аспан асты елінің өткені мен бүгінгі тыныс тіршілігінен сыр шертетін көрмелер, концерттер  мен шеберлік сабақтарына қатысты. ҚХР құрылғанына 70 жыл толуына арналған түрлі шаралар әлемнің 53 елінде ұйымдастырылды.

ЧЖАН СЯО, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ ЕЛШІСІ:

- Елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың күн сайын дамып, тығыз байланыстың үзілмеуі қос мемлекеттің де бір-біріне деген достық қарым-қатынасын айғақтайды. Бүгінде барлық салаларда екіжақты тиімді әріптестік орнатылды. Қытайдың мәдениет және туризм апталығы осы салалар бойынша әзірге ескерілмеген әлеутті тұстарын анықтауға септігін тигізеді.

Арбаттың бойында қытай халқының ұлттық нақыштарын кезіктіруге болады. Бұл алаңды жергілікті әкімдік әзірлеген. Мақсат аспан асты елінен келетін саяхатшылардың ағынын артыру.

ЕРҒАЛИ ЕГЕМБЕРДІ, НҰР-СҰЛТАН Қ. САРЫАРҚА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Әрбір әкім елге көбірек инвестиция тартып, туристердің ағынын артытруды көздейді. Қонақтың неғұрлым көп болғаны біз үшін құрмет. Біз қаламызды саяхаттаудың бірнеше нұсқасын ұсынамыз. Ол алдымен көрікті жерлер мен нышандар, 1900 жылдары салынған 15-20-ға тарта көне ғимарат бар. Ескі көпестік үйлер сақталған. Біздің айналамызда Ақмола облысы, Көкшетау мен Бурабай орналасқан.

Бүгінде қазақстандық мамандар үшін Қытайдың кемпинг ұйымдастыру, 5А жоғары санатты туристік аймақтарды құру және басқару тәжірибесі қызықты. Ондай озық жүйелерді еліміздің ұлттық саябақтарында ендіру жоспарланған. Олардың дені Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан.

ТИМУР ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ҰЛТТЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жібек жолы - аясы кең, үлкен аймақ. Көне керуен іздері қазіргі Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызыорда облыстарын кесіп өтеді. Аталған өңірлердің барлығы жаңадан төселген «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралімен байланысты. Оларда 6 ұлттық парк орналасқан. Қытайлық тарап үшін экотуризм бағыты да қызықты болады.  

ВАН ШУЛИНЬ, ОА БОЙЫНША ҚХР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРЛІГІ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Қытай туристік сала бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі. Мамандар әсіресе қонақ үйлерді басқару, мейрамхана бизнесі, туристерге қызмет көрсету бойынша өз тәжірибелерімен бөлісе алады. Бұл тек қана қытайлық саяхатшыларды ғана емес, өзге де шетел қонақтарын күту үшін  қажет болады.

Мәдениет және туризм апталығын Қытайдың Гуандун, Хайнань, Сычуань, Тайвань және Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданынан туристік сала мамандары қатысты. Біразы Қазақстан жеріне алғаш рет аяқ басқан. Мақсат - іскерлік байланыс орнату. Шара аясында бірқатар туристік компания өзара екіжақты келісімге тұрды. 

Фото: 4dancing.ru