Елордада Ержан Максимнің жеке концерті өтеді

Ержан Максим елордада өзінің алғашқы шығармашылық концертін өткізеді. «Бұл - аңсаған арманымның орындалуы» дейді бүгінде бүкіл әлемге танымал жас дарын. Енді 12 жасар әнші ұзақ дайындалып, өзіндік репертуарын жасамақ. Шараның басты ақпараттық демеушісі «Хабар» агенттігі де жас талантқа өзіндік қолдау көрсетеді.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

- «Хабар» телеарнасымен бірге 28 маусымда сағат 19.00-де баршаңызды Орталық концерт залында өтетін Ержан Максимнің алғашқы жеке концертіне шақырамыз.

Жаңа композициялардан басқа Ержан Максим тыңдармандар назарына Муслим Магомаевтың әйгілі «Синяя вечность» және  Лара Фабианның «Адажио» әндерін ұсынады. Соңғы әнді Ержан ресейлік шоудың соңғы айналымында орындаған болатын. Жұлдызы жанған жас әншінің Нұр-Сұлтандағы концерті эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сахнада қазақстандық эстрадалық вокалдық дуэттер мен триолар да өнер көрсетпек.

ГУЛЬМИРА ӘЛІБЕК, ЕРЖАННЫҢ АНАСЫ:

– Әрине, үлкен толқудамыз, қобалжудамыз. Бұл Ержанның елордамызда берейін деп отырған алғашқы концерті. Ержан 7 жасында Орал қаласында қайырымдылық ретінде концертін берген болатын.

Сонымен қатар, Ержанды қолдаушылар назарына оның шығармашылығы жайлы деректі фильм ұсынылады. Қазір оның түсірілімі басталып кетті. Картина қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетіледі.

РИНАТ КЕРТАЕВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Өмір жолына арнап үлкен бір деректі фильмді түсіруді жоспарлап отырмыз. Осыған дейін де «Балалар Евровидениесі» ауқымында Оралға барып, біздің түсіру топтары біраз түсірілім жұмыстарын жүргізген. Мәскеудегі тілшіміздің материалдары бар. Осындағы шығармашылық ұжым деректі фильмді түсіруге кірісіп, бастады.

Халықаралық байқаулар шығармашылығыңды арттыруға септігін тигізеді, сондай-ақ байланыс аясын кеңейтеді, дейді Ержан. Айта кетейік, Ресейдегі вокалдық байқаудан кейін белгілі композитор әрі продюсер Игорь Крутой жас дарынды музыкалық академияда білім алуға шақырды.

Фото: argumenti.ru