Елордада «Astana Piano Passion-2019» жеңімпаздары марапатталды

Қазақстанның бас шаһарында Astana Piano Passion – 2019 жас пианистер мен классикалық музыканың бесінші халықаралық байқауы тәмамдалды.  Ескірмейтін  әуен сарындары салтанат құрған өнер байқауының жеңімпаздары «Астана Опера» театрының сахнасында марапатталды.  Жас дарындардың өнерін классикалық өнердің майталман мамандары бағалады. Әділ қазылар алқасын байқаудың құрметті төрағасы, Ресейдің халық артисі Денис Мацуев бастады.

Дәстүрлі байқаудың биылғы қатысушыларының бірі де жүлдесіз қалмады. Сайысқа қатысушылар жас аралықтарына сай бірнеше топқа іріктелді. Музыка бәйгесіне тігілген жүлдеден дәмелі 7 мен 18 жас аралығындағы өнерпаздар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Қазақстанға жергілікті дарабоздармен қатар Ресей, Белорусь, Австралия, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, АҚШ, Жапония, Еуропа елдерінің үздіктері келді. Кезекті  Astana Piano Passion-да бірден екі гран-при тағайындалды. Бас жүлде америкалық, Адриан Ромофф пен ресейлік Петр Акуловқа бұйырды.

АМИР ТЕБЕНИХИН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ҚАЗЫЛАР МҮШЕСІ: 

- Бұл байқауға қатысудың өзі үлкен жетістік деп санаймын. Сондықтан осы байқау барша әлем музыканттарын өзіне баурап тұрады.  Қазақстаннның намысын  бірнеше дарын абройлы қорғады. Өзге елдердің үкілеген қатысушыларыда өз деңгейлеріне сай жақсы өнер көрсетті. Көбі таң қалдыра алды. Барлығыныңда болашақта шығармашылық тұрғыда өсу әлеуеті жоғары. Шынымен нағыз жүйрік музыканттар. Бәрі бірдей озып шыға алмайды. Әрбірі өз шеберлігін паш етіп, үлкен тәжірибе жинады.

Байқау талаптарына сай әр қатысушы қазақ сазгерлерінің бір шығармасын орындап шығуы керек болды. Канадалық музыканттың ерекше орындау мәнері әділ қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.  

КЕВИН ЧЕН, БАЙҚАУ ҚАТЫСУШЫСЫ  /КАНАДА/:

- Мен осы байқаудың шартына сай қазақ компазиторының керемет туындысын орындадым. Ол Мендіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» атты шығармасы. Байқау өте тартысты өтті. Танымал қазылар бағалап, әлемнің дарынды өнерпаздары қатысты. Менде қазақстандық достарым жоқ еді. Осы байқауда көптеген адамдармен таныстым. Оларды достарым деп айта аламын. 

Astana Piano Passion-ның 4 бірдей қатысушысы Санкт-Петербург қаласында өтетін Чайковский атындағы 16-шы халықаралық байқауда өнер көрсететінін атап өту керек.

Фото: www.astana-app.com