Елордада «Astana Piano Passion» жас пианистер байқауы өтеді

Елордада «Astana Piano Passion» жас пианистер байқауы өтеді

Елорда Бесінші Халықаралық классикалық музыка фестивалін және «Astana Piano Passion»  жас пианистер байқауын қабылдауда. Конкурстың кураторы – танымал пианист Денис Мацуев. Биыл байқауға қатысуға 114 өнерпаздан өтініш түскен. Соның үштен бірі – Ресейден, 20-сы – Қазақстаннан. Сондай-ақ, Қытай, Австралия, Беларусь, Грузия, Украина, Әзербайжан, Канада, Оңтүстік Корея, Монғолия, АҚШ елдерінің өкілдері бар. «Astana Piano Passion» байқауының мақсаты – жас дарындарға үлкен сахнаға жол ашып, сонымен бірге халықаралық деңгейде қазақстандық фортепиано музыкасын насихаттау. Конкурс шарттарына сай, барлық қатысушылар қазақ композиторларының туындыларын орындауға тиіс. Сонымен қатар, халықаралық шара шеңберінде әлемнің ең үздік фортепиано мектептерінің оқытушылары шеберлік дәрістерін өткізетін болады.

ДЕНИС МАЦУЕВ, ПИАНИСТ:

- Бұл байқау туралы бар әлем біледі. Қатысуға ниет білдірушілер көп. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырып отырмыз. Әлемнің 20 елінен 114 өтініш түсті. Мұндай көп қатысушы тек алдағы айда басталатын Чайковский байқауына ғана тіркелетінін айта кеткен жөн. Ол жақта да мен пианистерді бағалайтын қазылар алқасына төрағалық етемін. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Осы байқаудың лауреаттары Чайковский конкурсында да өнер көрсетеді.

Фото: musicnotes.com