«ALTYN OIMAQ» байқауында отандық дизайнерлер бақ сынайды

«ALTYN OIMAQ» республикалық байқауына қатысуға 50-ге жуық жас отандық дизайнер өтінім берген. Олардың бірі – Ирина Нейбарт. Бухгалтер мамандығы бойынша оқу бітірген ол қолдан бұйымдар жасаумен айналысады. Тоқу мен кесте тігуден бастаған Ирина бүгінде Атыраудың үздік дизайнерлерінің бірі болып табылады.

Гүлзипа Маханова да шығармашылық жарыста өз күшін сынап көрмек. Ол ұлттық ою-өрнекпен нақышталған киімдер тігеді. Ал бұл байқаудың басты талаптарының бірі екендігін айта кеткеніміз жөн. Аяқ киімнен өзге жұмыстардың барлығында ою-өрнек белгілері болуы тиіс.

ГУЛЬЗИПА МАХАНОВА, ДИЗАЙНЕР:

- Ол дизайнерлер үшін зор мүмкіндік. Мен сияқты жаңадан бастаған жас дизайнерлерге өте жақсы мүмкіндік. Біздің мақсатымыз - жасап жатқан киімдерімізді халыққа жеткізу.

Жалпы, «ALTYN OIMAQ» байқауына қатысушылар 6 номинация бойынша  шеберлік байқасады. Іскерлік киімнің үздік дизайны, спорттық және балалар киімі, үйге арналған тоқыма заттар, сондай-ақ ұлттық әшекейлердің дизайны және спорттық аяқ киім. Байқауға екі аталым бойынша өтініш беруге болады. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық брендтерді дәріптеу және жеңіл өнеркәсіп индустриясын қолдау.

ДИАНА БОТАЕВА, «ALTYN OIMAQ»  ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫ ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Қазір өңірлердегі шеберлерге жаппай өндіріске көшу үшін негізінен мотивация мен кәсіптік дағдылар барынша қажет. Өйткені олар көбінесе бір ғана киім жасаумен айналысады. Оларға өз өнерлерін көрсетуге, оны көпшілікке паш етуге мүмкіндік беру біз үшін аса маңызды.

Бүгінгі таңда 200-ге жуық дизайнер аталмыш байқауға қатысуға ниет білдіріп отыр. Олар өз еңбектері туралы бейнебаяндар түсіруде. Бұл негізінен әшекей жасаушылар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ALTYN OIMAQ» байқауында қатысушының жасына, оның кәсіби тәжірибесіне қатысты шектеу қойылмайды. Айта кетейік, байқауға қатысуға өтінімдер қабылдау қыркүйек айында аяқталады, ал жеңімпаздың есімі 25 желтоқсанда жарияланады.

Фото: weproject.media