Нұр-Сұлтан - Орталық Азия балетінің астанасы

Нұр-Сұлтан - Орталық Азия балетінің астанасы

Көп сағаттық дайындық, әрбір қимылды мінсіз етуге ұмтылыс, жарқын, ерекше қойылымдар. Милана Буканованың әр күні «Астана Балет» театрының басқа да артистері секілді жаттығудан басталады. Ең алдымен, ережелер бойынша дене бұлшықеттерін қыздыру. Содан кейін дайындық, күрделі пируэттерді пысықтау, орындау техникасын жетілдіру. Айна алдындағы әрбір қозғалыс, әр қимыл мүлтсіздікке дейін жеткізіледі. Себебі мұндай тәжірибе, бишінің айтуынша, табысты мансаптың кепілі. Бүгінде жас балерина – театрдың озық солистерінің бірі.

МИЛАНА БУКАНОВА, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

- Мен «Щелкунчик» балетінде, сондай-ақ Мукарам Авахридің «Соломеясында» соло да биледім, көппен бірге де өнер көрсеттім. Ал «Кармен» балетінде көк Карменнің партиясын орындадым. Бразилиялық хореограф Риккардо Амарантенің қойылымдарында жеке партияларым бар. Біздің репертуарымыз мазмұнды, біз классикалық би, неоклассика, қазақ ұлттық билерін де билейміз.

2013 жылы Қырғыз ұлттық консерваториясының түлегі Милана «Астана Балет» театры труппасының құрамына қабылданады. Көрші мемлекеттің тумасы қазір елордалық өнер ұжымымен бірге әлемнің ең беделді сахналарын бағындырып, қошеметке ие болып жүр.

МИЛАНА БУКАНОВА, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

- Қазақстанның бас қаласын Орталық Азиядағы балет астанасы деп атауға болады. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, елордада «Астана Балет» және «Астана Опера» театрлары сынды өнер ордалары жұмыс істейді. Олар ең соңғы үлгідегі технологиялармен жарақталған. Өнер адамдарының шығармашылықпен айналысуына керемет жағдайлар жасалған. Осылайша, қазақ мәдениетін шет елдерде көрсетуге мүмкіндігіміз жеткілікті. Біздің театр жылына 5-6 рет гастрольдік сапарға шығып отырады. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе.

МАЙРА ҚАДЫРОВА, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ПЕДАГОГ-РЕПЕТИТОРЫ:

- Театрға келген артистер шынында да әлемдік деңгейге шыға алады. Біздің репертуарымыз оларға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Тіпті, репертуарды айтпағанда, сахна сыртындағы қызметкерлердің жұмысы да өте маңызды. Біздің ұжым шетелдік ұстаздарды шеберлік-сыныптарын өткізу үшін арнайы шақырады. Олар өз білгендерімен бөлісіп, тәжірибелерін үйретеді. Осындай мектептен өткен артистеріміз біліп-түйгенін сахнаға алып шығады.

Бүгінде «Астана Балет» театры ұжымы осы өнерді сүйетін әлем көрерменіне танылып үлгерді. Түрлі стиль мен жанрларға негізделген бай репертуары классикалық жауһарлармен, тың көзқарастағы заманауи хореографиялық қойылымдармен тұрақты негізде толығып келеді.

Фото: astanaballet.com