«Бабалар ізімен» экспедициясы Иранда

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Иранның Тебриз қаласында. Бұл шаһар 12-ші ғасырда қыпшақтар құрған Елдениз мемлекетінің, ал 14-ші ғасырда жалайыр сұлтанатының орталық қаласы болған. Сондықтан аймақтың тарихы бабаларымыздан қалған белгі мен ескерткішке бай. Ғылыми экспедиция мүшелері солардың бірқатарын аралап, тың ақпараттар тапты. Мысалы, Тебриздегі Шадбад Машейха мазарынан Жалайрид мемлекетінің негізін қалаған Хасан Бузург Тадж ад-диннің қабірі табылды. Сондай-ақ дәл осы жерде елдің екінші Елханы Увэйс Жалайыр да жерленген. Тарихи деректерге сүйенсек, Хасан Бузург бұл өңірді 1336 мен 1356 жылдардың арасында басқарыпты. Ал оның ұлы Увэйс бірінші 1356-дан 1374-ші жылға дейін елхан болған. Мемлекет қамқорлығына алынбағандықтан тарихи кесене қирап жатыр.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Аты-жөні, кім екені жазылған тас қираған. Бұрын болған дейді, қазір соны біз таба алмадық. Бірақ дәл екеуінің жатқан жерін біз таптық. Қойылған қара тас, құлпы тас оны да таптық. Егер біздің тарихшылар бұған келетін болса, ал Қазақстанның кәсіпкерлері, бизнесмендері инвестиция жасаймын дейтін болса, мұны үлкен кәдімгі туристік орынға айналдыруға болады. Өйткені бұлар 90 жылға тақау Иранның, Әзербайжанның, арабтың жерін билеген біздің бабаларымыз. Сондықтан олардың басында үлкен белгі болуы керек.

Бабаларымыздан қалған белгілер Тебриздегі Әзербайжан музейінде де сақталған. Түсті металлдан жасалған монеталарда сол кездегі сұлтандардың аты-жөні жазылған. Ал музей ауласынан қошқармүйізді құлпытастарды кездестіруге болады. Ал Иранның Марага қаласындағы қос күмбез қыпшақтардың Елдениз мемлекетінің тұсында тұрғызылған. Алғашқысы шамамен 1168-ші жылы, ал екінші көк күмбез 1196-97 жылдары бой көтеріпті. Сондай-ақ, бұл шаһарда қыпшақ эмир Шамс ад-Дин Қарасұңқарға арналып салынған кесене де бар. Тарихи деректер бойынша, ол Мысырдағы мамюлктер арасында өте беделді болған. Сондықтан құрметті Эмирге Каир қаласында да арнайы мешіт пен медресе салынған.

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Ол әуелде Египеттің мамлюгі болды. Одан кейін оны Марага қаласына эмир қылып жіберген. Ол кісі осында 1328 жылы қайтқанға дейін Эмир болып тұрды. Қайтқаннан кейін ол кісінің құрметіне осындай үлкен күмбезді салған. Бұл енді біздің бабаларымыздан қалған ескерткіш. Бұл үш күмбездің үшеуі де қазақстандықтар үшін киелі жер деп есептеледі.

Ал Тебриздің қақпасы саналатын мына арка 14-ші ғасырда шаһарды жалайырлар басқарған тұста бой көтерген. Жергілікті тарихшылардың айтуынша, әу баста мешіт ғимараты ретінде құрылысы басталды. Алайда, түрлі қиындықтарға байланысты қорғаныс қамалы ретінде пайдаланылған. Экспедиция мүшелері Тебризден кейін саяхатын Иранның Горган қаласында жалғастырады.

Фото: www.ic24.kz