Арменияда қазақ ұлттық тағамдары дайындалды

Ереванда ерекше дастархан жайылды. Армян аспаздары қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, екі халықтың ас мәзірлерінің арасындағы тарихи ұқсастықтардың бар екенін іс жүзінде көрсетті. Гастрономиялық цех шеберлері Қазақстан мен Арменияны ортақ мұра біріктіретінін атап өтті, сондықтан өзге елдің тағамдарын әзірлеу олар үшін еш қиындық тудырмаған.

Арменияның танымал бас аспазшысы Седрак Мамулянның айтуынша, армян және қазақ халықтарының аспаздығында ұқсас тағамдар көп. Мысалы, армяндар бастурманы көшпенділерден алған. Ал, Наурыз-көже құрамы жағынан ашыған сүттен әзірленетін спас көжесіне ұқсайды. Бауырсақ – бых-быхик, жент – үйдің халвасы. Сонымен қатар Армения мемлекетінде палау мен манты да жиі дайындалады екен. Жергілікті ас үй шеберлері әзірлеген тағамдардан дәм татқан қонақтар қазақ дастарханындағы әралуандылыққа тамсанды.

ШУШАН ХАЧАТРЯН, ЕРЕВАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АСПИРАНТЫ:

- Әрине, аспаздық - мәдениеттің бір бөлігі, бұл ретте ортақ тағамдар екі халықты жақындата түседі. Ас жүрген жер береке ғой. Қазақтар көшпенді халық болған, ал армяндар, керісінше, отырықшы, біздің халықтарымыздың аспаздығында да ұқсас белгілер бар. Мысалы, етпен әзірленетін тағамдар бірдей деуге болады.

Бұл ерекше мәдени шара Қазақстанның Армениядағы елшілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Кеш қонақтарына қайтарда қазақ халқының қалыптасқан дәстүрі бойынша, сарқыт салынып берілді.

ТИМУР УРАЗАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРМЕНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Біз былтыр Ереван метросында өткізілген фотокөрме сияқты Астананың 20 жылдығына арналған фотосуреттердің шағын көрмесін ұйымдастырдық. Сонымен қатар, түрлі өнімдер сатып, қайырымдылық шара өткіздік, ал жиналған қаржыны Норк ауданының қарттар үйіне жібереміз, біз оларға көптен бері көмектесіп жүрміз.

Айта кетейік, шара барысында екі елдің ынтымақтастығын нығайту бойынша жаңа идеялар ұсынылды.

РУБЕН ПАШИНЯН, «ТУРИСТІК АРМЕНИЯ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

- Қазақстанды армян туристіне, Арменияға сапар жасауға бел буған туристке Арменияны жарнамалау үшін ортақ мүдделерді, ортақ қасиеттер мен белгілерді табуға қажет деген идея туды. Туристерге жаңадан мәліметтер ұсыну қажет. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстан туралы көп айтамыз, шамамызға қарай барынша ақпарат беруге тырысамыз. Нәтижесінде Арменияға келген қонақтардың және, керісінше, Қазақстанға баратын адамдардың саны артады деп ойлаймын.

Фото: iamcook.ru