«Айка» фильмі Берлин төрінде көрсетілді

«Айка» фильмі Берлин төрінде көрсетілді. Хакише Хёфе кинотеатры көрерменге лық толы. Көрсетілімге келгендердің көбі беделді халықаралық фестивальдерде үздік бағаға ие болған туындыны көру үшін Германияның әр аймағынан арнайы келген. Премьераға Канн фестивалінің үздік әйел ролі сыйлығының иегері Самал Еслямова да қатысты. Нәпақа табу үшін бөтен қалаға келген Айка есімді қырғыз қызының көрген қиындықтары көрерменді бей-жай қалдырмай қоймады. Фильмді түсіру жұмыстары туралы Самалдың өзі айтып берді. 6 жылға созылған түсірілім барысында бас актриса шаш үлгісін өзгертпеген, әрі диета ұстануға тура келген. «Айка» фильмі Берлиннен өзге  Лейпциг, Потсдам, Дрезден және Майнц қалаларында көрсетіледі.

САМАЛ ЕСЛЯМОВА АКТРИСА:

- Алты жыл дегеніміз өмірдің бір бөлігі. Фильмді түсіруге өте көп күш жұмсалды. Бас кейіпкердің әр қимылы, әр сөзі тегін емес. Әрине, бұл менің өмірімдегі өте маңызды роль. Мен бұл жерде көрерменге ананың баласына деген махаббатына еш нәрсе жетпейтінін жеткізгім келді. Меніңше, бұл өмірдің басты тақырыбы. Сондықтан әр көрерменнің жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Өйткені әр адамның анасы бар.

Ал елордада Сан-Франциско киноакадемиясын бітірген қазақстандық режиссер Мұрат Есжан өз туындыларын таныстырды. Фильмнің бірі «Парижке кетем бір күні» деп аталады. Әлеуметтік желі тақырыбын қозғайтын туынды Франция астанасында өмір сүргісі келетін қыздың күйбең тіршілігін баяндайды. Сонымен бірге, «Болашақ» бағдарламасының түлегі жас жазушы Лира Қоныстың «Тиын» әңгімесінің желісімен түсірген фильмді жарыққа шығарды. Бұл картинаны «Қазақфильм» қаржыландырған.

МҰРАТ ЕСЖАН, РЕЖИССЁР:

- «Тиында» баланың тағдырына алаңдау, өзінің мақсаттары үшін баланың тағдырын құрбандыққа қимау деген секілді нәрселер көрерменге ой салатын шығар деп ойлаймын. Фильм адамды ойландыру керек. Адам ойланып, өзінің бір шешіміне келуі керек. Ал ол ой әркімде әртүрлі туады. Әркім әртүрлі шешімге келеді. Бастысы сіздің фильміңіз жамандыққа шақырмаса болды. Ол жерде ізгіліктің дәмі болса деген ойым бар.