Француз авторы Қазақстан туралы комикс шығарды

Француз авторы Қазақстан туралы комикс шығарды

Ұлы дала француз авторының көзімен. Нұр-Сұлтанда елордалық оқушыларға Жак Ортэ «Қазақстандағы Жак пен Биллдің оқиғалары: Шыңғысханның қазынасы» атты шытырман оқиғаға толы комиксін таныстырды. Кітапта әңгіме кейіпкерлері саяхатшы-фотограф Жак пен оның сөйлейтін құсы Биллдің қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген көзқарасын бейнелейді.

ЖАК ОРТЭ, КОМИКС АВТОРЫ /ФРАНЦИЯ/:

- Кітап кейіпкерлері арқылы менің қазақ елі мен оның мәдениетін өзімше қабылдауым байқалады. Атап өту керек, бұл Қазақстанды ерекше жақсы көретін және осы елдің мәдениетінен шабыт алғысы келетін, сондай-ақ өз оқырмандарын шабыттандырғысы келетін адамның қабылдауы. Кітабымда мен осы елдің танымал тұлғасы болып табылатын Шыңғыс ханды өз кейіпкерім ретінде пайдалануға шешім қабыдадым. Оны бүкіл әлем танитындығының арқасында, оның кейіпкеріне көрермен назар аударатындығы анық. Осылайша тарихи тұлғаның арқасында мен Қазақстанда желісі танымал болып бара жатқан шығарманы ойлап таптым.

Алғаш рет кітап өткен жылы француз тілінде басылып шықты және Франция, Бельгия, Швейцария, Канада елдерінің оқырмандарына қолжетімді болды. Ал Қазақстанда басылым француз және орыс тілдерінде шығарылған. Дегенмен жақын арада автор уәде еткендей, комикс қазақ тіліне аударылатын болады.

ГҮЛБАДАН МӘДІБАЕВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНА ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Меніңше бұл кездесу Қазақстан мәдениетінің Франциямен ынтымақтастығы мақсатында балалар үшін, біздің жас оқырмандар үшін ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта біз ынтымақтастығымызды дамытуды жоспарлап отырмыз. Мұндай кездесулер біздің балаларымыз үшін маңызды деп есептеймін. Себебі аталмыш кездесулер біздің оқырмандардың қызығушылығын оятады. Атап айтар болсақ, басқа елдің мәдениетіне, басқа халықтардың әдет-ғұрпына деген қызығушылығын тудырады.

Комикс кейіпкерлерінің қызықты оқиғаға толы желісі жас талғампаз оқырмандарға бірден ұнады.

БОГДАН ДЖЕБРАИЛОВ, ОҚУШЫ:

- Мен алғаш рет біздің ел туралы осындай керемет комикстер жазылып жатқандығын естіп тұрмын. Маған қысқаша сипаттама бойынша Шыңғысхан туралы, Шыңғысханның қазынасы туралы оқиғалар ұнады. Себебі бұл терең тарих. Сондықтан мен бұл комиксті толық оқып шығуға тырысамын  және барлық достарыма кеңес беретін боламын. Себебі маған өте қатты ұнады.

ДАНИИЛ ФАХРУТДИНОВ, ОҚУШЫ:

- Автормен біз жұмыс барысы туралы әңгімеледік. Ол бізге комикс туралы қысқаша мағұлмат берді. Барлығы қалай болады, оқиға қай бағытқа бұрылатыны туралы сөйлестік. Қысқаша сипаттама бойынша түсінгенімдей, комикс өте қызықты болады.

Жак Ортэ осындай кездесулерді еліміздің бірқатар қалаларында өткізуді жоспарлап отыр. Жақын арада француз авторы Алматы мен Өскемен қалаларына барады.

Фото: culturefrance.kz