Қазақ жазушысының шығармасы өзбек театрында сахналанды

Қазақ жазушысының шығармасы өзбек театрында сахналанды

Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай Шымкент қаласының Өзбек драма театры Ташкентте атақты драматург-жазушы Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» атты спектаклін сахналады.

Жазушының басынан өткен ең ауыр кезеңді бейнелейтін шығарманы театр әртістері де шебер жеткізе алды. Қойылымның сюжеті ерлі-зайыптылардың және олардың балаларының айналасында құрылған. Сахнада Даниярдың рөлін жас актер Жавлон Саитов сомдады. Басты рөлді ойнауға келіскенімен, сахнаға алғаш алып шыққанда жүрек толқынысы болды.

ЖАВЛОН САИТОВ, АКТЕР:

- Үлкен жауапкершілік болғасын, кішкене қорықтым. Өйткені оның жақындары, оның әкесі, Сәбит Досанов ағамыз өзі премьераға қатысты. Міне, бүгінде сол Даниярды көрген басқа жора-жолдастары, жақындары келіп көріп отыр. Мен сол  Даниярдың жақсы сипаттарын, оның өмірлік ұстанымдарын, оның өмірге деген құштарлығын жеткізуге тырыстым, еңбек еттім. Енді қай дәрежеде сомдай алғанымды білмеймін. Оны бағасын көрермен бере жатар.

Жазушы, журналист Мехмон Исламқұлов құнды дүниені театрдың репертуарына арнап өзбек тіліне аударған. Қоюшы режиссері – көрші елге белгілі мәдениет майталманы Сайфуддин Мелиев. Романның тағы бір тартымды тұсы - қазіргі заман мен қоғамдағы келеңсіз жайттардың орын алуы. Драманың басты ерекшілігі – трагедиядан бөлек лирика мен поэзия, проза мен ұшқыр қиял қосыла шебер өрілген. Көпшілік үш алыптың бірлесіп жасаған туындысын ыстық ықыласпен қарсы алды.

ШАХЗОДА ТУРСЫМЕТОВА, КӨРЕРМЕН:

- Бұдан көп нәрсе алуға болады. Адамға деген махаббат, мейрімділік, ананың сабырлылығы, медицина саласының адамдарға қызмет көрсетуі кең баяндалған. Балалар тәрбиесі кең әрі өте әсерлі қамтылып сахналанған.

ДИЛБОР ХАИТОВА, ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Адамдар жол беріп жатқан кемшіліктер мен қателіктер. Табиғат қателігі көрсетілген. Осында орын алған қателіктерді қайталамас үшін бір-екі адам емес, бүкіл халық осындай мәселерді жеңуге жәрдем беруі керек деп ойлаймын.

Жалпы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында көрші елде екі жүзден астам түрлі саяси және мәдени шара ұйымдастырылу жоспарланған. Бұл соның алғашқысы болды.

ФАТХУЛЛА МАСУДОВ,ӨЗБЕК ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДРАМА ТЕАТЫРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Біздің достығымыз, ынтымағымыз ешқашан үзілмейді. Әлі ұзақ жылдар бойы өмір сүріп, мәдениет, кәсіпкерлік басқа да түрлі салада көп-көп қамқорлық пен қайырлы істер қыламыз.

Театр ұжымы қазақ жазушысының шығармасын Өзбекстаннның тағы төрт облысында сахналамақ. Оның ішінде Жызақтағы қазақтар көп шоғырланған Гагарин ауданы да бар. Соңғы қойылым Самарқандта өтеді.

Фото: sputniknews.kz