«Алтын адам» Ташкентке жетті

Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай  Ташкентте «Ұлы дала, тарих пен мәдениет» атты көрме ашылды. «Алтын адамның әлемдегі мұражайларға шеруі» жобасы аясында ұйымдастырылған шарада Есік маңынан табылған Сақ жауынгері мен алтын бұйымдар, темір дәуіріне тиесілі жәдігерлер қойылды. Елбасы да өзінің  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Сақ жауынгерін ерекше атап өтіп, тарихымызды тереңірек зерттеуді тапсырған болатын.

КАМОЛА АКИЛОВА, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТІРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл көрме бізге Қазақстанды мүлде өзге, жаңаша қырынан ашып, көруге мүмкіндік берді. Қазақстандағы көшпенді халық өркениетінің мәдениетін көрсете алды. Бұл біздің ұлттық мәдениетімізді толықтыра түсті. Өйткені заманауи үрдісте мәдени диалог қана жаңа мәнердегі өнер туындыларының дүниеге келуіне негіз болады. Сонымен қатар қос президенттің бір біріне деген сенімді қолдаулары мәдени байланысты қарқынды жандандыра түседі деп ойлаймын.

Жалпы көрменің алғашқы күні «Алтын адамды» тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды. Тіпті әлем кезген саяхатшылардың өзі таңданысын жасырмады. Оларға Ұлы дала тарихы мен бүгінгі жетістігі жайлы айтылды. «Алтын адам» қазақ тарихының сақ дәуірінен бастау алатынын дәлелдеді. Ұлттық тарихымызды жаңғыртып, түп-түқиянымызға жаңаша көзқарас қалыптастырды. Өзбекстанның Шығармашылық музейінде өткен көрмеге «Алтын адаммен» бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорынан 100-ден астам жәдігер қойылды.

ЮЛДУЗ ШАМСУДИНОВА,ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Біз тіпті Қазақстан даласында мұндай байлықтар бар деп ойламадық. Оны қандай шеберлер жасаған десеңізші. Барлығы ерекше, өте ұқыпты зергерлік жұмыс, біз шын мәнінде бұған таңданыспен қарап жүрміз.

Рухани жаңғыру бағдарламасы арқау болған көрме бірнеше бөліктен құралған. Онда Қазақ этнографиясы мен Алтын және Күміс залдары бар. Дала өркениетінің тарихы мен өткеннің көрінісі. Ұсынылған бұйымдардың көбі аң стилінде жасалып, жануарлар бейнесі сомдалып, алтынмен қапталған. Бұл сол дәуірде қазақ даласында көленердің ерекше дамығанын айғақтайды.

АЛМАЗ НҰРАЗХАН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Сеулде жүрген кезде корей халқы біздің өнеріміз сәйкес келеді, бір-біріне жақын келеді деген кезде мен соған біраз таң қалдым. Соған қарағанда мына біздің туған ағайындарымыз өте жақсы қабылдап жатыр. Өздері де бұған сәйкес өзіміздің өнерімізді әкеп, мүндетті түрде көрсетеміз деген ұсыныстар болып жатыр. Үлкен меморандумға қол қойдық.

«Алтын адамды» әлемге таныту жобасы әлі де жалғасады. Күні бүгінге дейін көрме әлемнің бірнеше елінде болыпты. Алда АҚШ, Италия, Австрия, Франция және Германия мұражайларында өткізу жоспарланып отыр. Ал, Ташкенттегі «Ұлы дала, тарих пен мәдениет» көрмесі бір ай бойы жалғасады.

Фото: inform.kz