«Бабалар ізімен» экспедициясы жаңа саяхатқа шықты

«Бабалар ізімен» экспедициясы жаңа саяхатқа шықты

«Бабалар ізімен» экспедициясы жаңа саяхатқа шықты. Бұл жолы зерттеушілер Грузия-Әзербайжан-Иран-Түркия бағытында киелі жерлерді аралап өтпек. Тарихшылар аталған елдерде қазақтың арғы аталарының құпиялары сақтаулы жатыр деп есептейді. Саяхатшылар қыпшақтар туралы жаңа мәліметтердің бетін ашып, жауынгерлік шайқастар болған орындарға баруды және ол шайқастардың жергілікті халықтың өміріне қалай әсер еткенін анықтауды жоспарлап отыр. Мысалы, Грузияда зерттеуші топ кезінде қыпшақ тайпалары қорғаныс болған Самшвилде бекінісіне барады. Сонымен бірге зерттеушілер қыпшақ текті грузин қолбасшысы Құбасардың өмірі мен тағдыры туралы көбірек ақпарат табуға ​​тырысады.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біздің ата-бабаларымыз әлемнің 23 елінде таққа отырып, ел  басқарған. Осы күнге дейін мен құл ретінде әкелініп, кейін ол елде сұлтан, хан, әмір деңгейіне жеткен бірде-бір ұлтты көрген емеспін. Осындай дәрежеге жеткен бір ғана ұлт бар, ол – қазақ. Біздің ата-бабаларымыз  және өзге де көптеген тайпалар. Міне, олардың барлығы біздің арғы бабаларымыз.

2016 жылы басталған «Бабалар ізімен» экспедициясы бүгінгі таңда әлемнің  36 еліне болды. Саяхатшылар 2021 жылға дейін тағы 50 мемлекетке баруды жоспарлап отыр. Осыған дейінгі сапар нәтижесінде көптеген құнды тарихи фактілер жиналып, жылнамалар зерттелді. Сондай-ақ, 70 деректі фильм қалың көрерменге жол тартты. Зерттеуші топ жаңадан алынған деректермен білімдерін толықтырып, байырғы қазақ халқының өмірі туралы белгісіз, жабулы жатқан фактілерді жарыққа шығаратынына сеніммен қарайды.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біз  Киевтегі армян әріптерімен қыпшақ тілінде жазылған 23 кітапты таптық. Олар Киевтегі ежелгі қолжазбалар институтында сақтаулы. Сонымен қатар Ереванның мемлекеттік қоймасында 4 құнды кітапты таптық.

Экспедиция 7 мамырда Түркияда аяқталады. Бұл елде саяхатшылар  ата-бабаларымыздың Осман империясымен қандай қарым-қатынаста болғанын анықтайды. Көрермендердің тың тарихи деректермен әлеуметтік желілерде және «Kazakh TV», «Хабар», сондай-ақ «Хабар 24» телеарналарының арнайы репортаждарынан танысуға мүмкіндігі бар.