«Құлагер» поэмасы ағылшын тіліне аударылды

«Құлагер» поэмасы ағылшын тіліне аударылды

Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы ағылшын тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты. Бұл белгілі ақын шығармасының Байрон тіліне алғаш тәржімалануы. Игі іс қаламгердің 125 жылдығына орай қолға алынды. Шығарма авторының тікелей ұрпағы Жанар Жандосованың айтуынша, кітапты аудару жұмыстары 10 жылға жуық жүргізілген.  

ЖАНАР ЖАНДОСОВА, ІЛИЯ ЖАНСҮГІРОВТЫҢ ҰРПАҒЫ:

- «Абай» прозалық энциклопедия болса, «Құлагер» - поэзиялық энциклопедия. Жұмыс 10 жылдай уақыт алды. Себебі біз әуелі аудармашыны іздедік, кейін аударып көрдік. Сонда қиын болғаны -  қазақ тілі өте бай әрі күрделі. Күрделі болғаны соншалық, кей сөздердің мағынасын бірден аудару мүмкін болмады. Сондықтан да біз әуелі әр сөзді мағынасына сай тәржімалап, аудару ісімен айналысқан команда әр сөзге толық мағұлмат беруге тырысты.

Шығарманы аудару ісіне қазақ және ағылшын тілдерін жетік меңгерген аудармашылар мен кеңесшілерден, жалпы саны 20 адамнан құралған топ атсалысты. Оның ішінде Пастернак, Мандельштам және Цветаеваның аудармаларымен жақсы таныс ағылшын ақыны әрі аудармашы Белинда Куктың еңбегін ерекше атап өту керек.

ЖАНАР ЖАНДОСОВА, ІЛИЯ ЖАНСҮГІРОВТЫҢ ҰРПАҒЫ:

- Аударма ісіне кіріспес бұрын Белинданың Қазақстанға келуіне тура келді. Ол Ақан Серінің бейітіне барып, Бурабай, Зерендімен танысып қайтты. Шығармадағы оқиға орын алған жерлермен аудармашы жеке барып танысып қайтты. Сондай-ақ қазақтың қымызынан дәм татып, тауға шығып, біздің қонақжайлылығымызды сезінген сәтте ғана ол қазақтың рухын сезе алды.

ЮЛАЙ ШАМИЛОГЛУ, Н.НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ТҮРКІТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ПРОФЕССОР:

- Меніңше, дүние қазақ әдебиеті туралы аз біледі. Сондықтан қазақ замануи әдебиетін, 20 ғасырдың әдебиетін, классикалық туындыларды дүниеге таныстыру – дұрыс бастама. Меніңше қазақ тіліндегі ең күшті романдар, ең күшті өлеңдерді ағылшын тіліне, дүниенің басқа тіліне аудару керек. Әріптестерім мен ескі оқушыларыма кітаппен бөлісуді жоспарлап отырмын. Меніңше, олар оқып шықса, дұрыс болады.

Басылымның иллюстрациясын белгілі суретші Әбілхан Қастеевтың немересі Дәурен Қастеев жасаған. Ол «Құлагердің» сұлбасын кітап туралы алғаш естіген бойда бірден қағаз бетіне түсірген. Бүгінде дәл сол картина кітап мұқабасын әсемдеп тұр.

Фото: inform.kz