«EL ARNA» телеарнасына - 2 жыл

«EL ARNA» телеарнасына - 2 жыл

Еліміздің «Алтын қорынан» үздік таспалар, отандық кино классикасы мен заманауи кинофильмдер. Мұның бәрін 24 сағат бойы «EL ARNA» телеарнасынан көруге болады. Алғашқы 2 жыл ішінде телеарна қазақстандықтардың өміріне етене араласып кетті. Осы уақытта кино әуесқойлары жүздеген тарихи, деректі, көркем шығармалар мен тақырыптық бағдарламаларды көре алды. Сонымен қатар, біздің еліміздің ғана емес, Орталық Азия мен Түркі әлемінің де кино өнімдері көрерменге жол тартты. 

АРМАН СЕЙІТМАМЫТ, «EL ARNA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұған қоса, біз Латвия киносының аптасын жасап үлгердік. Бұл дәстүрді биыл да жалғастырмақ ниеттеміз. Сонымен қатар әлемдік классикалық кино аптасын жасауды жоспарлап отырмыз, яғни бұл «Оскар» сыйлығына ұсынылған кинокартиналар, Канн және Берлин кинофестивальдерінде ұсынылған фильмдер болады.

Сахна өнерінің жанкүйерлері үшін де тамаша жаңалық. Осы жылдан бастап «EL ARNA» эфирінде театр қойылымдары мен сахна сыртындағы қарбалас өмірден тікелей көрсетілімдер жасалмақ.

АРМАН СЕЙІТМАМЫТ, «EL ARNA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл дегеніміз, тек қазақ театрларының ғана емес, орыс, неміс, ұйғыр, корей театрларының спектакльдері, оған қоса демалыс күндері біз қуыршақ театрларының шығармаларын, спектакльдерін түсіруді және көрсетуді жоспарлап отырмыз. Әрине балалар үшін.

Айта кету керек, EL ARNA жас кинорежиссерлерді қолдауға ерекше көңіл бөледі. Өзінің туған күніне орай телеарна, қысқаметражды ойын-сауық жанрындағы киноның үздік сценарийіне конкурс жариялайды. Сол сценарий бойынша кино түсіріліп, аталмыш картина елорда күні жарыққа шығатын болады. 

Фото: 24.kz