Түркияда «Ұлы дала тағамдары» фестивалі өтті

Түркияда «Ұлы дала тағамдары» фестивалі өтті

Қазақтың ұлтық ас үйінде ең кең танымал өнім бұрын да, қазір де ет болып табылады. Түркияда «Ұлы дала тағамдары» шарасы аясында табақ тарту рәсімі жасалып, келгендерге қонақкәде жасалды. Еліміздің бас қаласының аспаздары Анкара төрінде дастарханның сәнін келтіретін ұлттық тағамдармен қатар халқымыздың ұмыт болған ас мәзірлерін де таныстырды.

ГҮЛМИРА ШАЖАНБАЕВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

- Бірінші рет Ұлы дала тағамдарының фестивалін өткізіп жатырмыз. Өзімізбен 120 килограмм ысталған, ысталмаған жылқы етін әкелдік. Содан кейін 30 литр қымыз бен шұбат әкелдік. Тағы да басқа тағамдарымыз бар.

Асханасы өте бай түрік жұртын тамақпен таң қалдыру оңай емес. Еуропа мен Азия құрлығы ортасында орналасқан мемлекетті нағыз мәдениеттің ошағы деуге болады. Сондықтан бұл елдің ас мәзіріне барлық тағам түрлері енгізілген. Алайда шараға жиналған қауым бұл жолы жылқы етінен жасалған тағамдардың дәмін алғаш рет татып көрді.

ФУЛИЯ САҒЛЫҚ, АНКАРА ТҰРҒЫНЫ:

- Біздің түбіміз бір, тарихымыз бен тіліміз ортақ. Алайда, ас мәзірлеріміз өзгеше екен. Себебі біз сиыр және қой етін қолданамыз. Жылқы етінің дәмін бірінші рет татып отырмын. Қатты ұнады. Бұған дейін жылқы етін жегендердің иммунитетінің мықты болатынын естігенмін. Денсаулық саласының қызметкері ретінде мен үшін бұл өте маңызды.

МУХАРРЕМ ТУНА, АНКАРА ТҰРҒЫНЫ:

- Қымыз бен шұбат іштім. Мұндай органикалық тағамдарды бізде ауылдық жерлерде дайындайды. Өзім олардың дәмін айранға ұқсаттым.

ВЕЙСЕЛ СЕЗЕН, АНКАРА ТҰРҒЫНЫ:

- Қазақтың ұлттық тағамы асылған етті жедім. Маған ұнағаны: ет майлы болып көрінгенмен, асқазанға ауыр тимейді екен. Осындай шаралар жиі жүзеге асса, ата жұрттан жеткен тағамның дәмін татуға мүмкіндік туар еді.

Бүгінде Түркияда барлық түркі тілдес елдердің асханаларын кездестіруге болады. Дегенмен асылған ет, быламық, ысталған және сүр етті көре алмайсыз. Сонымен қатар шара барысында Анкарада құрылған «Отау» өнер тобының арнайы сахналық қойылымы ұйымдастырылды.