Париж қазақтары супермодель Алла Ильчунның тамыры қазақ екенін әлемге танытпақ

Париж қазақтары супермодель Алла Ильчунның тамыры қазақ екенін әлемге танытпақ

Парижде тұратын қазақтар Азиядан шыққан әлемдегі тұңғыш супермодель Алла Ильчунның қазақ елінен екенін таныту үшін еңбек етіп жүр. Бұрын Ильчун қытайлық санатында қабылданған. Ол Кристиан Диорға шабыт берген.

БЕРЛИН ИРИШЕВ, ФРАНЦИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Париж дүниежүзіндегі сән орталығы ғой. Сондықтан бұл жерде Алла Ильчун біздің қыз екенін, қазақ елінен шыққанын білгендері дұрыс. Сондықтан осындай зерттеуді бітірген кезде біздің жастарға, балаларға, қыздарға осы сән жағынан Қазақстанның тағы да бір жақсы жетістіктерін көрсетуге жарайтындығын білдіргіміз келеді.

Парижде Алла Ильчунның өмірі мен жарқын мансабына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Зерттеушілердің айтуынша, Кристиан Диордың шабытына айналған ару туралы кітаптың алғашқы тиражы Қазақстанда бірнеше күнде сатылып кеткен. Қазіргі таңда Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының тобы өз зерттеулерін жалғастырып, деректі фильм шығармақ. Өмірбаян авторларының пікірінше, Алла Ильчунның қазақ тамырын таныту әлемдік сән индустриясының назарын елімізге аудартып, жас дарындарымызға жол ашады.

МАДИНА ӘБДІРАХМАНОВА, ШАРАҒА ҚАТЫСУШЫ:

- Мен осындай шаралар қазақ диаспорасын біріктіріп жүр деп санаймын. Алла Ильчун секілді шетелдегі отандастарымыз туралы білгіміз келеді. Қазақстандықтар оны білуі тиіс, Алла Ильчун мақтан тұтуға лайық тұлға.

Диор сән үйі Қазақстанға сый дайындауда. ТМД елдерінде алғаш рет Алла Ильчунның көйлектері мен жеке заттарының көрмесі ұйымдастырылмақ.

Фото: kulturologia.ru