Наурыз мейрамы - адамзаттың рухани құндылығы

Наурыз мейрамы - адамзаттың рухани құндылығы

Даланы кезген Қыдыр Самарқанның көк тасын ерітіп, тобықтай мұз, тоқымдай қар қалмай, табиғаттың оянатын сәті. Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтау Тәңірлік танымнан бастау алады. Мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали осындай пікірді ұстанады. Маман сөзіне дәйек ретінде Алматы қаласынан 170 шақырым жердегі Аңырақай жотасынан табылған құлпытасты келтіріп отыр. Көне ескерткіште күн мен түннің кейптері Тәңір мен Іңір бейнелері қашалып салынған. Айналасында он екі астрологиялық мүшел мен жылдың мезгілерін білдіретін төрт түлік көктемнің шуақты мейрамын қарсы алуда.

СЕРІК ЕРҒАЛИ,  МӘДЕНИЕТТАНУШЫ, ЭТНОЛОГ:

- Осы екеуі бір-біріне алақандарын, құшақтарын жайып көрісейін деп келе жатыр. Егер оны радионуклидтік тәсілмен өлшейтін болсақ, оны 5 мың жылдық дейді. Меніңше ол кемінде жеті, сегіз, он мың жылға баратын болу керек. Бұл Шумер, Бабыл мәдениетінің алдындағы жазба. Меніңше, бұл біздің ата-бабамыз тастап кеткен Наурыз мерекесінің төлқұжаты. Және онда сиыр жылы бейнеленген. Жаңа туған бұзау көктемді білдіріп түр. Ол нені көрсетеді? Наурыз айы - жылдың басы.

Наурыз - табиғаттың жаңаруын әйгілейтін бірден бір мереке. Адамзат тарихында жаңа жылды атап өту сонау Мысыр дәуірінде де, тіпті Рим Империясында да осы уақытқа сай келгені белгілі. Түркі тілдес елдерде бұл мейрам қасиетті саналады. Бауырлас халықтардың жерінде көне дәстүрдің жұрнақтары бәз-баяғы қалпында сақталып келеді. «Наурыз» сөзі мағынасының өзі парсы тілінен «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді.

МАДЖИД САБЕР, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИРАН ЕЛШІСІ:

- Біз мейрамға бір ай қалғанда қамданып, тойлай бастаймыз. Жаңа жылдық киімдер даярлап, үй ішін айнадай етіп тазалаймыз. Сыйлықтар жасап, базарлықтар әзірлейміз. Ұлттық тағамдардан дастархан жайып, қонақ күтеміз. Ел көлемінде ұлттық ойындар, мерекелік концерттер өтеді. Кең көлемде атап өту үшін елде 13-14 күн бойы демалыс жарияланады. Ең бастысы көне салтты жаңғыртуға ден салынады.

Бағзы замандардан келетін көктен жарылқап, жерден өңделген ырысқа толы күнді Балқан түбегі, Қара теңіз, Кавказ, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллионнан астам адам дәстүрге сай үзбей тойлап жүр. БҰҰ-ның шешімімен Наурыз халықаралық мейрам дәрежесін алып, ЮНЕСКО-ның ұсынысымен адамзаттың рухани құндылығы деп танылғанны белгілі.

Фото: advantour.com