Ресейде қазақ ұлттық киімдерін тігуді үйрететін этноүйірме жұмыс істейді

Ресейде қазақ ұлттық киімдерін тігуді үйрететін этноүйірме жұмыс істейді

Көрпе, дорба, қамзол. Ресейдің  Челябі облысында ұлттық киімдер тігуді үйрететін этноүйірме жұмыс істейді. Сара апаның қолынан шыққан көрпелер өзінің ою-өрнегімен, сән-салтанатымен ерекше. Енді сол өнерін ісмер жан жастарға мирас етуді мақсат санайды. Мұнда келген  қыз-келіншектер көрпе көктеп, құрақ құрауды, ұлттық киімдер тігуді үйренеді.

КАМИЛА БИСЕНБАЕВА, ЧЕЛЯБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Оюлар саламыз, камзол тігеміз, дорба тігеміз. Апалар бізге үйретеді, көрсетеді.

Этноүйірме орналасқан бөлменің тарлығына қарамастан, келушілер аз емес. Әсіресе жастар тарапынан төл өнерімізге деген қызығушылық артып келе жатқандығы қуантады, дейді үйірме жетекшілері.   

САРА ӘБДІРАХМАНОВА, ҚАЛA ТҰРҒЫНЫ:

- Құрақ құрау, ою ою, өрнек салу сияқты біздің ұлттық өнеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін деген тілегім бар. Істегім келеді, үйренгім келеді деген жастар, жас қыздар, келіншектер бар.

Сонымен қатар көрші өңірдегі мектептерде алдағы жылы қазақ тілін оқытатын интерактивті сыныптар ашу да жоспарланып отыр.

ҚОНЫСБЕК ЖҮСІПБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙДЕГІ КОНСУЛЫ:

- Интерактивті кластарды әрбір мектепте қазақ көп тұратын шоғырланған жерлерде ашып, соған құжаттармен, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кітаптарымен қамтамасыз етеміз бе деген тұжырымға келіп тұрмыз.

Бүгінгі таңда Челябі облысында 34 мың қазақ тұрады. Қандастарымыздың ана тілін ұмытпай, салт-дәстүрлерді сақтауына бұл үйірмелер мен сыныптардың тигізер пайдасы да мол болмақ. Алдағы уақытта оқу сабақтарына ұлттық қолөнеріміздің басқа да  түрлерін енгізу жоспарларынып отыр.

Фото: baq.kz