Елордада «Миниатюралы пластика» көрмесі ашылды

Елордада «Миниатюралы пластика» көрмесі ашылды

Тарихи тұлғалар, қазақ ертегілері, халық эпостары мен аңыздарының сүйікті кейіпкерлері. Елордада «Миниатюралы пластика» атты сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ашылды. Ерекше экспозицияға өңделген ағаш пен сүйектен жонып жасалған шағын мүсіндер қойылған. Барлығы 60-тан астам еңбек. Бұл қазақстандық суретші Руслан Жүнісов пен шебердің жолын ізін басқан шәкірттерінің жұмыстары. 

РУСЛАН ЖҮНІСОВ, АҒАШ ПЕН СҮЙЕК ӨҢБЕУ ШЕБЕРІ:

- Миниатюралы мүсіндер ою өнердің өте қызықты бағыттарының бірі. Бұл әдіс Қазақстанда енді белең алып келеді. Өкінішке орай, мен әзірге шағын бейнелік бұйымдар жасауға ден қойған жалғыз суретшімін. Бірақ оған қызығушылық танытып жүргендер жоқ емес. Мен ниет танытқан жастарды осы өнердің қыр-сырына үйретуді қолға алдым. Мақсат – осы бағыттың аясын кеңейту.  Алдағы уақытта Жиренше шешен, Қожанасыр, Тазша бала сынды аңызға айналған эпостық жырлардың кейіпкерлерінің бейнесін жасағым келеді.

Руслан Жүнісов қазақтың ауыз әдебиетінің көрнекті кейіпкерлерін көптеген халықаралық көрмелерде танытып жүр. Бүгінде оның шағын мүсіндері АҚШ, Нидерланды, Германия, Ресей және Украинаның жеке жинақтаушыларының қолында, мұражай қорларында сақтаулы. Отандық шебер көркем әуестігін қазақстандық жастардың бойына дарытуды мақсат тұтып отыр. Астана мен қала қонақтары ерекше туындыларды алдағы айдың 15-не дейін тамашалай алады.

Фото: sputniknews.kz