20 наурызда «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары белгілі болады

20 наурызда «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары белгілі болады

Ертең, 20 наурызда, «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары белгілі болады. Байқау үміткерлері қатарында ұлттық және өңірлік телерадиокомпаниялар, студиялар, өндіріс орталықтары және Қазақстанда телевизиялық контент өндіретін басқа да медиа-индустрия ұйымдары бар. Бүгінде соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

НИКОЛАЙ ПОДОШВА-ЗАХАРОВ, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР:

 - Біз биыл шеттен жұлдыздарды алдырмауды, яғни қосымша ресурстардың көмегіне жүгінбеуді жөн деп таптық. Шараны қазақстандық өнімдермен алып шығуды жөн көріп, отандық брендтерді көрсетуге  тырысамыз. Жас жұлдыздарды тәрбиелеген телевизиялық шоуларды көрсетеміз. Яғни, осында өсіп-өнген жастарға сенім арттық. Біз осындай сәтті жобалар арқылы Қазақстанда және Азияда жас таланттарға қолдау болуға жарайтын жобалардың бар екенін көрсеткіміз келеді.

Биылғы жылы қазылар алқасының назарына 300-ден астам өтініш түскен. Олар өзара 9 номинация бойынша мықтыны анықтайды. Үздіктер «телевизиялық сериал», «әлеуметтік жоба», «деректі фильм», «ақпараттық-сараптамалық бағдарлама», «телевизиялық маусымның үздік оқиғасы», «ойын-сауық жобасы», «өңірлік тележоба», «тележурналист» және «тележүргізуші» аталымдары бойынша белгілі болады.

ЛӘЗЗАТ АМАНБЕКОВА, «ҚАЗМЕДИА ОРТАЛЫҒЫ» БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯСЫНЫҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ:

 - Бүгінгі таңда шорт-лист 36 номинанттан құралатын соңғы үміткерлер тізімі қолда бар. Соңғы шешім 20 наурыз күні премияны салтанатты кешке дейін күндіз өткізіледі. Әділқазылар алқасы сол күні шешім қабылдайды. 

Айта кетейік, биылғы жылы қазылар алқасы 11 адамнан тұрады. Бірақ олардың есімдері әлі белгісіз. «Бұл – байқаудың әділ өтуі үшін жасалған қадам», дейді ұйымдастырушылар. 

Фото: 24.kz