Мәскеуде «Ұлы дала алтыны» көрмесі өтті

Мәскеуде «Ұлы дала алтыны» көрмесі өтті

Мәскеуде «Ұлы дала алтыны» көрмесі өтті. Көрмеде қазақстандық археологтардың бірегей табыстары көпшілік назарына ұсынылып, мамандардың зор қызығушылығын тудырды. Экспозицияда Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарында табылған әшекейлер, қару-жарақ пен тұрмыстық заттар бар. Шығыс Қазақстан облысындағы осы обаларды археологтар Берелдегі патшалар алқабы деп атаған. Археологиялық маңызы зор заттардың барлығы қазақ даласында 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген көшпенділердің мәдениетінен сыр шертеді.

СЕРГЕЙ КАРПОВ, ММУ ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл – Шығыс Қазақстан аумағын мекендеген халықтардың тарихи түп тамырын, осы мәдениеттің терең эстетикалық негізін көрсететін ескерткіштер. Бірінші дәрежедегі ескерткіштер десе де артық емес. Олар адамзаттың бүкіл мәдениетін байытып, тарихи және эстетикалық тұрғыдан алып қарағанда үлкен қызуғышылық тудырады.

Артефактілерге ресейлік мамандар бұрыннан қызығушылық танытып келеді. Көрменің негізгі экспонаттарының бірі – 2003 жылы Шілікті жерінен табылып, қалпына кетлірілген «Алтын адам» экспонаты. Ол Елеке сазы қорғанында табылған. Сарапшылардың пайымдауынша, олар мұқабасы қалың тарихтың жаңа парағын ашады. Әулетті жауынгердің бүкіл киімі ұсақ майда алтын моншақ пен әсем әшекейлермен безендірілген. Ғалымдардың пікірі бойынша, ежелгі шеберлердің қолынан шыққан бірегей туындылар сол дәуірдің жоғары дамыған мәдениетін көрсетеді.

ӘБДЕШ ТӨЛЕУБАЕВ, АРХЕОЛОГ:

-  Бұл заттарды бір-біріне жабыстыру үшін иненің көзіндей ғана өлшемі бар дәнекерлегіш құрал мен 1050-1100 градус температура қажет болған. Яғни бұл Қазақстанның металлургтері шамамен 2800 жыл бұрын микродәнекерлермен жұмыс атқарғандығын білдіреді.

Берел жылқысының сүйегі салынған сауыттың қалпына келтірілген нұсқасы мамандарды аса қызықтырды. Сол дәуірдегі жәдігерлердің ұқсас оюы мен өрнектеріне қарап, Тарбағатайдан бастап Алтайға дейінгі көшпенділердің ортақ руһани негізі болғанын айтуға болады. Түркі дүниесінің бесігі саналатын бұл аймақтың қазақ тарихы үшін ғана емес, Еуразиядағы өзге халықтар үшін де маңызы зор.

ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бұл аса ірі болмағанымен, өте маңызды экспозиция деп айтуға болады. Еуразия кеңістігі арасында ең әуелі Қазақстан аумағында мыңжылдықтар бойы қалыптасқан, бай тарихи-мәдени мұраны көрсетіп отыр. Шығыс-Қазақстан облысындағы Берел қорғандарынан табылған артефактілердің бүкіл әлем бойынша теңдесі жоқ.

ИРИНА ВЕЛИКАНОВА, РЕСЕЙ ЗАМАНАУИ ТАРИХЫ МУЗЕЙІНІҢ ЖАЛПЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әрине бұл шынайы шедеврлер және олардың табылуы – Қазақстандағы заманауи археологияның даму деңгейін көрсету. Ғалымдар, археологтар, қалпына келтірушілердің қажырлы еңбегінің арқасында мәскеуліктер мен қала қонақтары Сақ мәдениетінің элиталық ескерткіштерін, дала иелерінің өмірін көрді.

«Ұлы Дала алтыны» көрмесі 24 наурызға дейін жұмыс істейді. Алайда жұрттың зор қызуғышылығына байланысты, ұйымдастырушылар оның мерзімін ұзартуы да мүмкін.

Фото: liter.kz