Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланады

Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланады

Ескі жыл санау бойынша Жаңа жылдың бастауы Амал айы еліміздің батысында дәстүрлі түрде тойланады. Бұл мерекені маңғыстаулықтар биыл халықаралық деңгейде атап өтуде. Бұл күндері ойдағы-қырдағы ағайынмен құшақтасып, көрісу үшін Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасындағы Алты Алаштың балалары Маңғыстаудағы ең биік жер Отпантаудың басына жиналды. Жиынға Ресей, Өзбекстан, Түркия, Ноғай мен Қырғыз елінен де делегациялар келді. Ақтаудан Отпантауға дейін атқа мінген Ұлы көш 140 шақырым жолды жүріп өтеді. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары, әдет-ғұрпымыз, фольклорымыз бен атқа міну сынды салт-дәстүрлеріміз осы көштің өн бойынан көрінбек.

ПӘНИЯ САРМҰРЗИНА, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Отпанның басында қырыққа жақын киіз үй тігіледі. Дәстүрлі ағаш үйлеріміз бар. Онда келген қонақтарымызды қабылдайды. Сонымен қатар Отпанның басында республикалық деңгейдегі қолөнершілердің көрмесі өтеді. Жыршылар, дәстүрлі әншілер болады. Үлкен жаңалықтың бірі – халықаралық деңгейде болғандықтан, Ноғай елінен келетін Асланбек бауырымыз ән айтады.

БЕКБОЛАТ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ ӨКІЛІ:

 - Бұл – ұлттық мереке. Шетелдік қонақтарымыз қазақы салт-дәстүрімізді, ұлттық киім-кешектерімізді, халқымыздың мерекені қалай тойлайтынын көрулері керек. Бұл – шын мәнінде этнографтар, тарихшылар мен археологтар үшін ашық аспан мұражайы.

Фото: martebe.kz