«Астана Операда» «Музыка өнерінің жауһарлары» атты концерт өтті

«Астана Операда» «Музыка өнерінің жауһарлары» атты концерт өтті

Елордада опера өнерінің жауһарлары шырқалды. Классикалық ән әлемінің інжу-маржандарын көптің көзайымына айналған Мария Мудряк пен елге еңбегі сіңген қайраткер Медет Шотабаевтың орындауында тыңдау мүмкіндігі жасалды. Күміс көмей әншілерді симфониялық оркестр сүйемелдеді. Кешке әлемге әйгілі бельгиялық дирижер Илья Машкевич жетекшілік етті. Айта кетейік, бұл – арнайы шақыртылған маэстроның Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі. Оның хас шеберлігіне Ресей, Жапония, Франция, Германия сынды елдердің өнер сүйер қауымы тәнті болды. Оның бастауымен жергілікті көрермен Чехия елінің ұлы сазгері Антонин Дворжактың №9 симфониясына қанық болды. Дарын иесінің айтуынша, қорындағы бұл шығарма көпшіліктің сұрауы бойынша аса жиі орындалады екен. Туынды әуенділігімен ерекше.

ИЛЬЯ МАШКЕВИЧ, ДИРИЖЕР /БЕЛЬГИЯ/:

-  Мен композитордың діттеген ойын өзімнің түсінігім бойынша жүзеге асырғым келеді. Ол – жай ғана ноталармен терілген жолдарды  құр ойнай салу емес, оның астарлы ойын тауып, көрерменге жеткізе білу. Сондай-ақ, қалыптасқан дәстүрден алшақтамай өз көзқарасыңмен жаңа қыр-сырын ашу.  

Келер айда қазақстандық операның жауһарына айналған Мария Мудряк 25 жасқа келеді. Шығармашылыққа белсене кіріскен отандасымыз тығыз жұмыс уақытында жергілікті көрермендерін назардан тыс қалдырмауға тырысады.

19 сәуірде «Астана Опера» сахнасында Пучинидің «Богемасын» ұсынумен қатар Ресейдің Үлкен театрында өнер көрсетпек.

МАРИЯ МУДРЯК, «АСТАНА ОПЕРА»  ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСТІ:

 - Мен өткен, осы шақ және болашақты ұштастырғым келеді. Яғни «Дон Паскуаль» операсы менің өткенім, Австралияда алғаш ойнайтын «Фауст» туындысы бүгінім болса, Леонораның «Трубадуры» - алдағы жоспарым. Ондағы сомдайтын кейіпкерлерімнің бәрі бірдей жаныма аса  жақын. Сахналайтын партияңды сүймесең оның болмысын жеткізу мүмкін емес деп санаймын. 

Фото: inform.kz