Нью-Йорк университетінде қазақстандық «Номад» клубы ашылды

Нью-Йорк университетінде қазақстандық «Номад» клубы ашылды

Нью-Йорк университетінде қазақстандық «Номад» клубы ашылды. Енді осы беделді білім ордасының студенттері оқу орнынан шықпай-ақ, елімізбен таныса алады.

ДАРХАН МҰҢАЙТПАСОВ, «NOMAD» КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл клуб тек қазақстандық студенттерді ғана емес, басқа шетелдік студенттерді де қабылдайды. Бұл – біздің ортаазиялық студенттермен қарым-қатынастарын нығайту үшін, бір-бірімен араласып, болашақта дос болып Қазақстанға турист ретінде келулері үшін мүмкіндік беретін клуб. Сондай-ақ қазақ мәдениеті, дәстүрі және де Қазақстанның табиғаты мен ұлттық тағамдарын таныстыратын клуб.

«Қамажай» биі бүкіл көрерменнің назарын аудартып, тәнті етті. Биші қыздың музыка ырғағымен бірге мың бұрала билеген қозғалысы жиналғандардың қызығушылығын туырды. Ал қазақтың қара домбырасы музыкалық атмосфераны одан әрі толықтыра түсті. Кеш қонақтары өздері үшін жаңа музыкалық аспаппен жақын таныса алды. Шараға келген дипломаттарымыз да клубқа қолдау көрсетіп, болашақта осы жерде еліміздің мәдениетін дәріптейтін, кеңге таныстыратын мағыналы кештер ұйымдастыруды ұсынды.

ЖӘНІБЕК ӘБДІРАШЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЬЮ-ЙОРКТЕГІ БАС КОНСУЛЫ:

-  Орталық Азия аймағынан қазақстандық студенттер Дархан және Айнұр, оқушылардың тобын жинап, осы клубты ашты. Бұл туризмді қоса алғанда, түрлі салалардағы қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ете отырып, жол ашады. Бүгінгі таңда біздің елімізге деген қызығушылық артып келеді. Осындай ұйым университетте алғаш рет құрылып отыр. Сонымен қатар бұл платформа университет инфрақұрылымының негізінде қазақстандық шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Нью-Йорк университетінде «Nomad» клубына қазақ тілін үйренемін деушілерге аудитория да ұсынылды. Курстарға қатысамын деп ниет білдірушілердің қатарында жанұясымен бірге қазақ тілін, мәдениетін үйренімін деген америкалықтар да бар.

ГАБРИЕЛ МЕНДЕС, ВЕНЕСУЭЛАЛЫҚ СТУДЕНТ:

 - Өзім Венесуэладан боламын. Мен үшін таңғажайып елді ашқан қазақстандықтарға шын жүректен мың да бір алғыс айтқым келеді. Осы уақытқа дейін мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңіз туралы аз білетінмін. Біз бірігіп, бірге болуымыз керек деп санаймын.

ФИЛ ОПАОЛА, СТУДЕНТ:

-  «Номад» клубының ашылуы керемет өтті. Қазақ мәдениетінің түрлі тұстарын көріп, қазақстандықтар өз елін мақтан тұтатынына көзім жетті.

НОМУНБИЛЕГ СУХБОЛД, МОҢҒОЛИЯЛЫҚ СТУДЕНТ:

 - Бұл өте қызық шара. Қазақстан және оның мәдениеті, ұлттық тағамдары жөнінде көбірек білуге мүмкіндік береді. Болашақта осындай қазақ кештері жиірек өтсе екен дейміз.

«Номад» клубының ашылуы жастар жылымен тұспа-тұс келді. Американың ең ірі қаласында білім алып жүрген қазақ жастары енді осы орталықты дамытуға өз үлестерін қоспақшы.

Фото: 24.kz