«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Анвара Садықова

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Анвара Садықова

Қоғамның сан саласын цифрландыру ақпараттық әлеуетті арттырады. Ал, өне-бойымызды сергітіп, рухани азық алуда, сөзсіз, би өнерінің мерейі үстем. Елімізде табиғи талант пен қажырлы еңбектің арқасында бұл саланы дамытып жүрген жандар баршылық. Солардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Анвара Садықова.

Ол бүгінде Қазақ ұлттық хореография академиясында аға-оқытушы. Оның айтуынша, өнер саласына келуіне өзіндік себептер болған.

АНВАРА САДЫҚОВА, ХОРЕОГРАФ:

-  Бір күні Балқаш қаласына әлемге танымал белгілі халық бишісі Махмұт Есімбаев жеке концертін берді. Сонда ол билеп болған соң, мамам қолыма гүл ұстатып, сахнаға жіберді. Мен гүлімді құшақтап барып, сахнаға шығып ұсынған кезде, ол мені көтеріп, маңдайымнан сүйген. Анам «сол кісінің батасы болған шығар» деп сол сәтті есіне түсіреді.

Бұл ыстық ықылас үлкен арманға жетелеп, жас биші бертін шәкірт тәрбиелеу ісін қолға алды. Сонымен бірге қазақ биін күллі әлемге танытып жүрген ұстаз – тіпті, ғылыми айналымға «нео-қазақша хореография» терминін алғаш енгізіп, жаңа форматтағы қазақ биін ойлап тапқандардың бірі.  

ЖАСҰЛАН ТІЛЕУҚАБЫЛ, ШӘКІРТ:

-  Өте керемет ұстаз. Өйткені әр жұмысына барынша мейірімді болуға тырысады. нағыз қазақылыққа толы, нағыз академиялық әдістерді, мәдениетті сақтайды.

Анвара Садықова – ұлттық биді өз тәлімгерлеріне ғана емес, бүкіл қазақ оқырманына да дәріптеп жүрген ұстаз. Ол осы тақырыпта 20-ға жуық ғылыми мақала мен 3 деректі фильмнің сценариін жазған. Оның біреуі үздік атанып, кинематография саласындағы «Құлагер» ұлттық жүлдесін ұтып алды.

АНВАРА САДЫҚОВА, ХОРЕОГРАФ:

 - Киноның негізгі мақсаты – тарихты көрсету және қазақ биін кәсіби тұрғыда үлкен деңгейге көтерген тұлғаларды паш ету.

Ұлтымыздың төл өнерін насихаттауда тыңғылықты іс атқарып жүрген жас оқытушы бүгінгі таңда 100-ден астам шәкірт тәрбиелеп, халықаралық байқауларда лауреат атануларына себепкер болды. Өмірлік таңдаудан жаңылмай, өнер саласына келгенім үшін бақыттымын, - дейді ұстаз.

Фото: baribar.kz