Амстердамда «Қазақстан модасының күні» өтті

Амстердамда «Қазақстан модасының күні» өтті

Қазақстандық дизайнерлер Амстердамда өткен Азия және Африканың жоғары мода апталығында дүйім елге өз туындыларын көрсетті. Фэшн-ивент кештерінің бірі «Қазақстан модасының күні» деп аталды. Қазақ ұлттық киімін киген Нидерландтың үздік модельдері қобыз бен домбыра үндерінің қостауымен подиумнан өтті. Қазақ оюлары мен көшпелі халық киімінің байлығын Хайролла Әбішевтің «Ән шырқайтын құм» топтамасы әсерлеп ашып, сән индустриясының алпауыттарына қазақтың ою-өрнектері мен бай көшпенділік стилі көрсетілді.

ХАЙРОЛЛА ӘБІШЕВ, ДИЗАЙНЕР:

 - Біз «Жастар жылына» арналған жаңа коллекцияны ұсындық. Бұл жинақта біздің  жастардың қалай дамығанын, қаншалықты талантты екенін және олар қаншалықты ашық, жарқын болатынын көрсетуді мақсат тұттым. Еуропа, Азия және Африка елдерінің танымы бір-бірімен байланысты, бірақ біздің ұлттық киімдеріміздің әрбірінде ұлттық нақыштар белгіленген.

АҚБОТА ТОҚТАСЫНОВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Осы коллекцияны біз «Жастар жылына» арнадық. Біздің қазақстандық жастардың киім кию үлгісі оларға ұнайды. Сондықтан арнайы жаңа топтама ұсынып, көрсеткіміз келді.

«Көктем-Жаз-2019» маусымының этнотоптамалары голландиялық нәзік жандылар арасында күшті әсер тудырды. Қазақстанның жоғары сән үлгісінің ерекшелігі мен айырмашылығын шетелдік журналистер мен танымал сән блогерлері атап өтті.

АЙДЫН АДЖИК, ASIA–AFRICA FASHION WEEK EUROPE ДИРЕКТОРЫ:

 - Барлығы тамаша өтті! Жергілікті көрермендер мәдениеттеріңізді жоғары бағалады! Бұл Нидерландта Қазақстанның атын шығарудың жақсы мүмкіндігі болып отыр.

САУАЛНАМА:

1. Керемет әсер алдым! Өзім Кариб аралдарынан боламын, бұл көрсетілім мен дизайн Кариб үшін де, бүкіл әлем үшін де үздік шоу болғанын растау керек!

2. Өте әдемі! Бұл дәстүрлі, ұлттық киімдеріңіз болағынмен, ерекше, бояулары жарқырап тұр! Мені 14 жасар жас дизайнеріңіздің туындылары таңғалдырды!

Жас дарындармыз арасында 14-жасар астаналық Вероника Иванченко бар. Ол анасымен бірге өз эскиздері бойынша құрдастарына арналған спорт киімін шығарып жүр. Оның батыл дизайнерлік шешімдері жұртты таңғалдырған.

Айта кетейік, сәнді киім көрсетілімін елшілігіміз ұйымдастырған «Беймәлім Қазақстан» атты фотокөрме толықтырған. Онда еліміздің тұмса табиғаты, әсем көріністері мен Астананың көрікті жерлері бейнеленген фотосуреттер қойылды. 

Фото: mfa.gov.kz