Қазақстандық таланттар Американы бағындыруда

Қазақстандық таланттар Американы бағындыруда

Қазақстандық таланттар Американы бағындыруда. Жерлестеріміз Димаш Құдайберген мен Данелия Тулешова америкалық әйгілі «The World's Best» теле-шоуында өнер көрсетуде. Айта кетейік, конкурста Димаш «танымал француз әнін орындап, төрешілерді  орындарынан тік тұрғызған болатын.  Ән айтқанда дауысы шарықтап, 6 октаваға дейін жететін әншінің өнеріне Батыс жұртшылығы таңдай қақты. Байқауда Димаш мүмкін болған 100 ұпайдың 98-ін жинаған.

Сондай ақ 12 жасар Данелия Тулешованың да дарынымен таңғалдырды. Жас әнші әйгілі Андра Дэйдің «Rise up» әнін орындады. Әйгілі Голливуд актрисасы Дрю Берримор Данелияның орындауынан алған әсерін жасыра алмады. Байқауда Данелия дауыс берудің нәтижесінде 96 ұпайға қол жеткізді.

ДАНЕЛИЯ ТУЛЕШОВА:

 - Димаштың да осы танымал конкурста бақ сынайтынын сайыс жақындаған уақытта ғана білдім. Байқаудың  келісімшартына сәйкес, қатысушыларға бір-бірімен жақын араласуына, достасуына тиым салынды. Екеуміз де бір-бірімізді көргенде эмоциямызды жасыра алмадық. Бір жағынан байқаудың аты байқау болғандықтан, бір-бірімізбен жарысып, бәсекелестікке түсетінімізді біліп, көңіл-күйіміздің сәл түсіп қалғанын да жасырмаймын.

Қазір Данелия «The World’s Best» промокомпаниясының арнайы қонағы ретінде АҚШ-та тұрып жатыр. Отандасымыз Американың әйгілі телеарналарының телевизиялық шоуларына қатысып жүр. 12 жасар өнерпаз  өзінің келер уақытқа деген жоспарларымен таныстырды. Жас дарын  иесі жақын арада жеке альбомын шығармақ ниетте екенін айтты.

Фото: 24.kz