Бекзат Саттарханов туралы телехикая түсіріліп жатыр

Бекзат Саттарханов туралы телехикая түсіріліп жатыр

Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Бокстан олимпиада ойындарында олжа салған тұңғыш қазақ Бекзат Саттарханов есімі де уақыт өткен сайын асқақтай бермек. Батыр ұлдың ерлігін кейінгі жастар үлгі тұту керек. Бас кейіпкерді жас актер Самат Әзімқұлов ойнайды.

САМАТ ӘЗІМҚҰЛОВ, АКТЕР:

-  Бұл – бір адамның өмірі, бір адамның тағдыры. Жалпы осы фильм арқылы Бекзат ағамызды қайта тірілтіп, артымыздан өсіп келе жатқан жастардың спортқа деген, боксқа деген құлшынысын арттырсақ және жүректеріне кішкене де болсын бір патриоттық сезім ұялатсақ, онда ол біздің арманымыздың орындалғаны деп білемін.

Кинотуындыны түсіру жұмыстарын танымал режиссер Мұрат Бидосов қолға алған. Телехикаяда оқиға желісі  шынайы өмірден алынған. Кейіпкерлердің барлығы – спортта белгілі тұлғалар. Мәселен, сол кездегі АИБА-ның вице-президенті – Бекет Махмудов, ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов және белгілі спортшылар, Сидней олимпиадасының тағы бір чемпионы – Ермахан Ибрайымов, күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбек.

МҰРАТ БИДОСОВ, РЕЖИССЕР:

 - Бұл тек спортшымыздың бүкіл ғұмыры ғана емес, өміріндегі бір кезең баяндалады. Боксқа қалай келді, өмірінде қандай қызықты оқиғалар болды? Бұл жобаның ең негізгі асуы – Сиднейдегі оқиға.

6 сериялы телехикаяда аққан жұлдыздай жарқ етіп, аз ғана ғұмыр кешкен спортшының өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Кинотуынды биыл көктемде көрермен назарына ұсынылады.

Фото: 24.kz