Астанада Үржар ханшайымының экспозициясы ашылды

Астанада Үржар ханшайымының экспозициясы ашылды

«Үржарлық сәуегей әйел мен қайта оралған қазыналар». Қазақстанның ұлттық мұражайында 6 жыл бұрын еліміздің Шығыс өңірінен табылған теңдесі жоқ бірегей көне жәдігерлердің көрмесі ашылды. Танымал отандық археолог Тимур Смағұлов бастаған зерттеушілер тобының жаһандық деңгейдегі ғылыми ашылудың басты экспозициясы – жерленген үржарлық абыз әйел.

ТИМУР СМАҒҰЛОВ, АРХЕОЛОГ, ҮРЖАР АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қорғанды жіті зерттеу барысында жерленген әйелдің жанынан құрбандық шалу рәсіміне қажетті қасиетті заттар, ыдыс-аяқ, тамақ және түрлі емдік өсімдіктердің қалдықтары табылды. Басында алтын тәжі болды. Сондықтан оған медия ортада Үржар ханшайымы деген атау берілді.

Ғасырлар  бойы жер қойнауында жатқан ежелгі соркафагты қалпына келтіру үшін ғалымдар 4 жыл еңбек етті. Мамандар тарихи жәдігерді аса мұқият зерттеп, кешенді шаралар мен  күрделі үрдістің арқасында ханшайымның киімі мен тәжін қайта жаңғыртқан.

ТАЛҒАТ МАМЫРОВ, Ә.Х МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Көне заман адамдарының киім-кешегі қандай болғанын білуге болады. Алтай тауларын мекендеген халықтардың мәдениеттері жақын,  ескерткіштері бір-біріне ұқсас келеді. Бұрынғы кездері шекара болмаған, тек мәдениеттің тараған кеңістігіне қарап көп нәрсені анықтауға болады. Сондықтан да археология институты мен генетика институты бірігіп, осы жәдігердің митохондриальді ДНҚ сараптамасын жасадық. Жүргізілген зерттеу жұмыстары табылған әйелдің гаплотипі Солтүстік Еуразияның аумағын қоныстанған Сібір мен Моңғол халықтарына сәйкес келетінін анықтап отыр. 

Мамандар жерленген әйел адам бақсылықпен айналысты деген пайымға келіп отыр. Себебі анықтаған кезде қолында осыны айғақтайтын қырыққұлақ шөбі табылды. Маңында осы сынды емдік касиеті бар өсімдіктер мен құрамы дәрі-дәрмектерге ұқсас заттар да болған. Бұл сол байырғы  заманның өзінде өркениеттің дамығанының дәйегі дейді, сарапшылар. 

ҚЫРЫМ АЛТЫНБЕКОВ, ҒЫЛЫМИ-РЕСТАВРАЦИАЛЫҚ ЗЕРТХАНАНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қорғаннан табылған көптеген жәдігерлер сол кезде медецинаның жақсы дамығанын айғақтайды. Жақсылап өңделген темір бұйымдар көне адамдардың металлургия саласын меңгергенін көрсетеді. Осы кезден жабайы жылқылар қолға үйретіліп, атарбалар жасалды. Тері мен ағаш өңдеу сынды кәсіптер дамыған. Тіпті жылжымалы баспаналар салған. Оны мына кесіндіден көруге болады. Бұл бірегей олжаларды сақтап қалу керекпіз.  

Қазір Үржар ханшайымы аң стилін, көне сақ өркениетін, жалпы тарихқа терең үңіліп жүрген халықаралық деңгейдегі шетелдік мамандардың үлкен қызығушылығын тутырып отыр. Тамыры терең тарихымыздан сыр шертетін құнды жәдігерлер көне технологиялар зертханасына жеткізіледі. Орталықты Павлодар қаласында ашу көзделіп отыр. 

Фото: tengrinews.kz