«DIOR музасы. Алла Ильчунның тарихы» атты кітаптың тұсауы кесілді

«DIOR музасы. Алла Ильчунның тарихы» атты кітаптың тұсауы кесілді

Сән әлемін бағындырған тамыры қазақ бойжеткен. Астанада «Dior музасы. Алла Ильчунның тарихы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Сиясы әлі кебе қоймаған туынды жиырмасыншы ғасырдың 50-60 жылдары жаһандық деңгейде  сұлулықтың символына айналған қандасымыздың  сән-салтанатты шеруі мен өмір жолы жайлы баяндайды. Қазақтан шыққан ару азиялық көрікті келбетімен консервативті батыстың сахнасынан 20 жыл бойы түспей төңкеріс жасаған. Аты аңызға айналған кутюрье Кристиан Диордың шабытын оятқан «Шығыс маржаны» ерекше жаратылысымен Еуропаны өзіне баурап, жалт қарата білді. Алайда бұрымдының модельдік жолына дейінгі және кейінгі өмірі жұмбақ болып қалды. Тіпті, ұлтының кім екені беймәлім болған. Тек 60-қа келгенде ғана әкесінің атын жариялап, түбі қазақ екенін мойындады.

БЕРЛИН ИРИШЕВ, КІТАП АВТОРЫ:

 - Кейін біз Диор сән үйінің мерейтойында Аннаның әкесі қазақ болғандығы жайында тағы естідік. Сол кезден бастап дәлелденбеген тұжырымның шындыққа жанасатынын нақты дәйектермен растау үшін өзіміздің зерттеуімізді бастадық. Түпкі тегін анықтамас бұрын жерленген молласын тауып, рухына тағзым еттік. Жалғыз баласымен жүздестік. Ол біздің қолымызға көпке жарияланбаған өмірі мен модельдік жолынан сыр шертетін құжаттар мен материалдарды табыстады. Кітапты жазуға қажетті жиналған нақты деректер оның қазақ екенін көрсетіп отыр.

Орыс тілінде жарық көрген кітапта Алла Ильчун, яғни Алла Қуантханқызы Елшін Қытай елінде туып, II Дүниежүзілік соғыс кезінде Францияға қоныс аударып, одан кейін Кристиан Диордың №1 моделі болғанын тарихи деректермен суреттейді. Жақында француз тілінде басып шығарылады. Сондай-ақ қазақ тіліне де аударылады. Жиналған мәліметтердің негізінде деректі және көркем фильм түсіру де жоспарланып отыр.