Н. Сейітовтың «Бостандық үшін» атты жеке көрмесі

Н. Сейітовтың «Бостандық үшін» атты жеке  көрмесі

Іс әрекет пен өмірде, шығармашылық жолдағы еркіндік. Жас қылқалам шеберінің жұмыстарында таңдау мүмкіндігінің мән-маңызын аңғару қиын емес. Сондықтанда осынау ерекше туындылардың  авторы жеке көрмесінің жалпы тақырыбын ашу қамында «Бостандық үшін» деген ортақ атау берген. Жас дарынның 40-тан астам еңбегі қойылған шара елордадағы Заманауи өнер орталықтарының бірінде ұйымдастырылды.

НҰРСҰЛТАН СЕЙІТОВ, СУРЕТШІ:

 - Бұл менің көпке ұсынылған алғашқы жеке көрмем. Шығармашылық жолымның бастапқы деңгейі деп те айтуға болады. Болашақта өнер сүйер қауымға қиялымдағы өзге де әлемдерді көрсеткім келеді. Өнердің дәл осы саласын суретшінің көзқарасындағы өзіндік бір әлем деп түсінемін. Менің әлемім жалғыз мен үшін ғана емес, жалпы көрермендер үшін қызықты болғанын қалаймын. Ол арқылы өзім де өсемін.  

Нұрсұлтан Сейітов шығармашылық тұрғыда ысылып, жетілудің шегі де шеті де жоқ деп санайды. Қазіргі таңда автор өзін реализм бағытында сынап жүр. Алдағы уақытта заманауи бейнелеу өнерінің гиперреализм жанрын меңгеруді мақсат тұтып отыр.

ЛЕЙЛА МАХАТ, СУРЕТШІ, КӨРМЕ КУРАТОРЫ:

 - Автордың жазу стилін өзін көрмей-ақ тануға болады. Оның ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән ерекше қолтаңбасы бар. Қанық бояуларды таңдап, түр-түсті орынды қолдана біледі. Салған суреттері бірден өзіне баурап, еліктіріп әкетеді. Ең бастысы Нұрсұлтанның бойындағы ұнайтын қасиеттерінің бірі – оның шынайылығы. Әр жұмысында осыны көруге болады.  

Жұртшылықтың назарына ұсынылған картиналардың тақырыбы ортақ болғанымен, жасалу техникасы жағынан түрлі мәнерде орындалған. Көркем сурет, кескіндеме авторлық портреттер, графикалық туындылар мен табиғи көріністер. Нұрсұлтан Сейітовтың ерекше әлемімен алдағы мамыр айының соңына дейін танысуға болады.