«Қазақфильмнің» екі картинасы Бангладеш кинофестивалінде марапаттарға ие болды

«Қазақфильмнің» екі картинасы Бангладеш кинофестивалінде марапаттарға ие болды

Қазақстандық кинематография жаңа жылды жетістіктермен бастады. «Қазақфильмнің» екі картинасы Бангладеш кинофестивалінде марапаттарға ие болды. Режиссер Талғат Теменовтың «Үлкен қаланың кішкентай ханзадасы» атты көркем фильмі үздік балалар киносы деп танылса, «Шыңырау» фильміндегі оператордың жұмысы азиялық фильмдер байқауында жеңіске жетті. Айта кетейік, биылғы жылғы Даккадағы фестивальге 72 елдің өкілдері 220 фильм ұсынды.

Киносыншылар мен халықаралық қазылар алқасы ғана емес, шетелдік телеарналардың продюсерлері мен кинотеатрлар жетекшілері де қазақстандық киноөнімдерді жоғары бағалап отыр. Мысалы, «Қазақ хандығы» сериалын әлемнің 180 мемлекеті сатып алуға дайын. Тізімде берісі Қытай, арысы Латын Америкасының елдері бар. Бұл туралы фильмнің продюсері Арман Асенов Мәскеуде өткен сериалдың көрсетілімі кезінде мәлімдеді. Туындының «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» деп аталатын бөлімі Третьяков галереясында көрсетілді.  

АРМАН АСЕНОВ, ПРОДЮСЕР:

 - Латын Америкасы елдері фильмді көріп таң қалып, біздің елге келіп, көп мақала жазды. Бізді көпшілікке танымал «Тақтар ойынымен» салыстырды. Жалпы, бұл дұрыс деп ойлаймын. Себебі бұл кинотуындының ауқымы, түсірілімі, кейіпкерлердің киімі «Тақтар ойыны» сериалына ұқсайды деп айта аламын. Тек бір айта кетерлік жалғыз ерекшелік – бізде шын тарих, көшпенділер өмірі баяндалған.

РҮСТЕМ ӘБДІРӘШЕВ, РЕЖИССЁР:

 - Жоғалтып алған мемлекетімізді осыдан 25 жыл бұрын қайтадан қолымызға алып отырмыз, Мәңгілік ел болуға үміттеніп отырмыз. Осының бәрі шын мәнісінде біздің тұғырын тауып берген жетістіктерге жету үшін тарихымызды реттейтін заман келді. Тарихымызды, өткен-кеткенімізді реттесек, болашақ бағытымызды реттеуге де, қай жаққа бұрамыз, қандай мемлекет боламыз деген сұрақтарға жауаптың бәрі сол өткен-кеткенде жатыр. 

Еске салсақ, «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» толықметражды фильмі Ильяс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының желісі бойынша түсірілген. Қазір қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының ауқымды тарихын баяндайтын туындының екінші кезеңі бойынша жұмыстар жүріп жатыр.