«Евгений Онегин» операсының премьерасына дайындық

«Евгений Онегин» операсының премьерасына дайындық

Пушкиннің озық туындысы мен Чайковскийдің мәңгілік музыкасы. «Астана Опера» театры атақты «Евгений Онегин» операсының премьерасына дайындыққа кірісіп кетті. Чайковский бұл операның либреттосын бір түн ішінде жазып шығып, музыкасына кіріскен. Либреттоны композитор Шиловскиймен бірлесе жазған болатын. Операға Пушкин романынан кейіпкерлердің жеке тағдырлары және ішкі дүниесімен байланысты тұстары ғана алыныпты.

АЙГҮЛ НИЯЗОВА, ТАТЬЯНА ПАРТИЯСЫН ОРЫНДАУШЫ:

 - Менің кейіпкерімнің ішкі жан-дүниесі нәзік және өте терең. Осы қырынан алғанда өте қиын. Ол ауылда, өзінің жабық әлемінде өмір сүреді. Сэмюэл Ричардсонның Грандисон сынды романдары мен түрлі кітаптарды оқиды. Сол образдар мен махаббатты елестетеді. Бірақ ол сезімге өзі ешқашан бөленбеген. Сол кезде Онегин келеді. Оған бір көргеннен ғашық болады. Мен осы сәтті сөзсіз жеткізуім керек. Бұл, әрине, оңай емес.

Крестьяндар, помещиктер, балдағы бойжеткендер, Татьяна, Ольга, анасы, балет әртістері, офицерлер. Бұл операға барлығы 250 костюм тігіледі. Бір көйлекке 5-тен 13 метрге дейін мата жұмсалған. Өйткені олардың жеңдері көлемді, етектері бірнеше қабатты. Сондықтан бұл қойылымға әдеттегіден 2 есеге артық мата кетіпті.

СОФЬЯ ТАСМАҒАМБЕТОВА, КОСТЮМ СУРЕТШІСІ:

 - Ларинаның туған күні сән үлгісі бойынша да біраз ертеректе болады. Ол кезде сән үлгісі өте тез өзгеретін. Сондықтан бізде де актілер арасында киімдердің айырмашылықтары бірден байқалады. Басында бәрі өте ашық түстерде болады. Ал балда режиссер түстердің өте қоңыр, қара көк, қанық жасыл түсті болуын қалады. Олар әлдеқайда үлпілдек, барынша салтанатты.

Тек бір ғана Татьянаға арналып 5 көйлек тігілуде. Бесіншісі бұған дейін ешбір театрдың қойылымында болмаған қарт жастағы Татьяна персонажына арналады. Опера режиссері Давид Ливермор осындай жаңашылдық қоспақшы. Декорациялардан да ерекше режиссерлік көзқарасты аңғаруға болады, - дейді Виктор Караре.

ВИКТОР КАРАРЕ, ТЕАТРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНДІРІС  КЕШЕНІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Біз қойылымда сәулет элементері мен бейне проекциялар жасаймыз. Сахнада аттарды да көретін боласыздар. Өйткені дуэль көрінісінде фаэтон болады. Үлкен айнаның алдында айналып тұрған алып шеңберде билеген жұпты көрермендер өз көздерімен көрулері тиіс. Бәрі өте қызықты болады.