Қазақстандық «Ана жүрегі» көпсериялы фильмі өзбекстандық экрандарға шықты

Қазақстандық «Ана жүрегі» көпсериялы фильмі өзбекстандық экрандарға шықты

Қазақстандық «Ана жүрегі» көпсериялы фильмі өзбекстандық экрандарға шықты. Еске салайық, телехикая 2017 жылы «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген. Оны Ташкенттегі көпшілікке танымал «Sevimli» арнасы таратуда. Көрші мемлекеттің белді телеарнасында «Ана жүрегі» фильмінің соңғы сериялары дубляждалып жатыр.

ГАВХАР ЗАКИРОВА, ӨЗБЕКСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - Кинода әрбір кейіпкердің тағдыры бар. Олардың әр қайсысы өз ерекшелігімен баурап алады. Сериал зеріктіріп жібермейді. Әр бөлімі қызықты оқиғалармен суреттелген. Кейін не болар екен деп алаңдап отырасың. Келесі бөлімде қызықтырып барып, жаңа оқиғалармен күтпеген ойлармен ұштастырып отырады.

«Ана жүрегі» драмасын арнаның көркемдік кеңесі бірнеше шетелдік туындылардың ішінен іріктеп алған. Туынды халықтың талғамына сай, сценариі де тұщымды жазылған. Онда күнделікті күйбің тіршіліктен бастап, бала тәрбиесі, отбасы мәселесі, әлеуметтік сала, жастардың қоғамдағы орны мен астарлы ой салатын жерлері көп. Ең бастысы тәрбиелік маңызы зор, дейді телеарна басшылығы.

ЖАЛОЛАДДИН САФОЕВ, «SEVIMLI» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Көрермендер «Хабар» Агенттігі түсірген фильмді ыстық ықыласпен қабыл алды. Біз көпшіліктің сұрауы бойынша «Өгей жүрек» атты  қазақстандық туындысын да біздің каналдың эфиріне қойдық. 

ЛОЛА ШАИМОВА, «SEVIMLI» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ КИНОРЕДАКЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

-  Алдағы уақытта «Хабар» Агенттігімен байланысты одан әрі жақсартсамыз деген ойымыз бар. Соның негізінде тағы бір «Аға» телесериалын көрсетсек деген ой бар. Оны толық көріп шықтым, сюжеті өте қызықты.

Ташкенттегі жеке меншік телеарна осылайша Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай қазақ киноларының санын арттыруды көздеп отыр.