Шетелдік кинолар қазақшаланады

Шетелдік кинолар қазақшаланады

Биылдан бастап Кинематография туралы жаңа заң күшіне енеді. Сала тарихындағы тұңғыш құжат алдағы уақытта киноиндустрия дамуының басты тұжырымдамасына айналмақ. Сарапшылар отандық режиссерлер мен сценарий жазушылардың мүдделерін заңнамалық деңгейде қолдау және қорғау жолдарын қарастырған. Бұдан басқа, Мәдениет және спорт министрлігі әлеуметтік және тарихи фильмдерді түсіруге қаражат бөледі.

ЖӘНІБЕК ОРАЗАЛЫ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АНИМАЦИЯЛЫҚ КИНОСТУДИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Ұлттық киноны қолдау орталығы ашылады, онда кинолар түсіріледі. Оны қадағалайтын, бақылайтын орын бар деген сөз. Демек қызғын бәсеке болады. Бәсеке бар жерде сапалы дүние шығады.

Бұдан былай Қазақстанда отандық картиналар көптеп шығарыла бастайды.   Бірақ қазақ тілінде түсірілмеген фильмдер, дубляждалып, кадрдан тыс оқылуы, немесе субтитрлермен көгідір экранға шығуы тиіс.

КҮМІС СЕЙІТОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ ЗАҢ ҚЫЗМЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өкінішке орай, бүгінгі таңда қазақ тілді отандық фильмдер тек 10% ғана құрайды. Бұл заң Қазақстандағы фильмдердің өндірісін ұлғайтуды қамтамасыз етіп, сапасын жоғарылатуға көмек болады деп үміттенеміз.

ЖӘНІБЕК ОРАЗАЛЫ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АНИМАЦИЯЛЫҚ КИНОСТУДИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Біз Тәуелсіз ел болғандықтан, біздің кинотеатрлардағы барлық фильмдер қазақ тілінде көрсетілуі керек. Қазақ тілінде көрсетілмесе де субтитрмен берілуі тиіс. Мемлекет үшін, ұлт үшін тиын-тебен санаудың қажеті жоқ.

Айта кетейік, жаңа заң осы жылдың басында өз күшіне енген болатын. Мамандардың айтуынша, кино түсіру саласы нақты ережелерсіз жұмыс атқарып келген. Кино – ұлтқа қызмет етуі тиіс. Қалай десекте, жаңа заң көрерменнің көңіл пернесін дөп басатын сапалы фильмдерді көбейтіп, отандық киногерлердің өрісін кеңейтер деген үміт басым.