Ресейдің Астрахань облысында кәсіби домбырашылар даярланады

Ресейдің Астрахань облысында кәсіби домбырашылар даярланады

Ресейдің Астрахань облысында қазақтың қара домбырасына деген қызығушылық артып келеді. Осыған орай Астрахань мәдениет және өнер колледжі жанынан домбыра бөлімі ашылды.

Жас өнерпаз Райымбек Елешев домбыраны бала жастан жанына серік еткен. Он тоғыз перне, екі ішектен тұрғанымен күй аспабын меңгеру, оның тілін тауып сөйлету оңай емес. Сол себепті талапты жас өзге құрбыларымен бірге домбыра бөлімінде шеберлігін шыңдап жүр.

РАЙЫМБЕК ЕЛЕШЕВ, АСТРАХАНЬ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІ ДОМБЫРА БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Менің атам – домбырашы. Әкем де домбырада ойнайды. Бала кезден домбыра үні маған таныс. Ең үлкен арманым – мұғалім болып балаларға үйрету.

Колледж жанындағы домбыра бөлімінде 22 жас тәлім алып жатыр. Олардың арасында қалмақ, құмық, ноғай мен татар секілді ұлттардың да ұландары бар. Осы өңірдегі қандастарымыз күй атасы Құрманғазы бабаларының шығармаларымен сусындап өсіп келеді. 

ҚАЙРАТ АМАНДЫҚОВ,  АСТРАХАН МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Жастар арасында домбыраға қызығушылық өте жоғары. Жыл сайын 6-7 адамнан түседі.

Астрахань облысындағы қазақтар өздерінің тарихи отанымен байланысын үзген емес. Төрт ғасырдан астам уақыт қатар қонып, жапсарлас жайлап келе жатқан екі ел шекараны шартты ұғым деп түсінеді. Мұндағы екі отбасының бірінің Атырауда туыстары тұрады. Сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерімен іскерлік байланыс орнатылған. Айта кетейік, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көршілес Астраханьда жалғасын тауып, өткен жылы «Шалқыма» ұлт аспаптар ансамблі көптеген қалаларды аралап, домбырадан әуелете күй төкті.

Бүгінгі таңда көне Астраханьда 140 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Демек көне шаһардың кіндігінде домбыра үні әрқашан асқақтай бермек.